Тараз маңындағы жарылыс: Қорғаныс министрлігі пікір білдірді

Таңғы сағат 7-лер шамасында Жамбыл облысы Сарыкемер ауылындағы оқ-дәрі қоймасы аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді.

Ресми дерекке сәйкес, жарылыс кезінде оқ-дәрі қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Оқиға орнына жақын жерде адамдар болмады. «Дегенмен алдағы уақытта бұндай жағдайлар қайталануы мүмкін», – деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ғани Нүсіпов, ҚР Қорғаныс министрлігінің офицер майоры:

– Ғимараттар мен құрылыстар зақымданбаған. Аудандағы ахуал тұрақты. Алдағы уақытта да мұндай оқиғалар болуы мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағындағы оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта 26 тамызда өртенген қойманың техникалық аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.