FIRST Global Challenge: қазақстандық жас өнертапқыштар ел намысын қорғап жатыр

Олар роботты техника бойынша ауадан су өндіретін генератор және нано-спутник құрастырып, стратосфераға ұшырды.

Әлемдік пандемияға байланысты биыл жарыс онлайн форматта өткізілді. Еліміздің командасына 20-ға жуық жоғары сынып оқушысы іріктеліп алынды. Зертхана Түркістан қаласындағы FARAB инновациялық кітапханасы жанындағы шеберханада орналасқан.

Жас өнертапқыштардың әлемдік додасына қатысып, бақ сынып жатқан жеткіншектердің басым бөлігі - Түркістан өңірінің өрендері. Бәйге шарты бойынша әлемнің ең мықты жас ақыл-ой иелері жаһандық сын-қатерлермен күресудің тиімді жолдарын қарастырып, қолжетімді материалдардан елдің игілігіне қызмет ететін түрлі қондырғылар немесе робот жасауы тиіс. Жеребе бойынша біздің жеткіншектер Босния құрамасымен одақтасып, су ресурстарының сарқылуына байланысты атмосфералық ауадан су өндіретін генератор ойлап тапты.

Бибінұр Арыстанбек, оқушы:

- Суды көптеген тәсілмен алуға болады. Бірақ біз ауадан су алуға келістік. Ауа таза болуы керек, ол ішетін су емес, шаруашылыққа қолданатын су. Бұған 1 айдан астам уақыт кетті. Әркім өз міндетін бөлісіп, біз пайдалы генетатор ойлап таптық. Күніне бір генератормен 20 литр су алуға болады.

Жас робототехниктер қазылар алқасына өз өнертабысының прототипін ұсынып қойған. Ал екінші және үшінші кезең үшін жас робототехниктер CubeSat нано-спутнигін құрастырып, оны стратосфераға ұшырып көрді.

Абалис Аллаз, оқушы:

- Бұл модельде бізде 5 түрлі датчик қолданылады. Тазалық, жарық, температура, желдің жылдамдығын өлшейтін датчиктер және камера бар. Су тасқыны болатын көктем мезгілдерінде мұның пайдасы көп. 10 шақырым аспанға ұшып, жерді суретке түсіреді. Қай жерде қар көп, қайда су тасқыны болуы мүмкін екенін болжайды. Бұл ақпараттар арқылы біз су тасқынының алдын аламыз.

Әр түрлі датчиктерден алынған мәліметтер арқылы өнертапқыштар тиісті органдарды құлағдар ете алады.

Елтай Қасым, Қазақстан құрамасының жетекшісі:

- Стен бағдарламасы - әлемде болып жатқан проблемалардың тез арада жауабын тауып, шеше білу. Қазақстанда көптеген стен зертханалар, мектептер осы бағытта ашылатын болса, цифрлық Қазақстанға үлкен үлесін қосар еді. Бұл бізде жас ғалымның, жас оқушының проблемаға тез жауап тауып, топпен жұмыс істей білу мақсатында жасалады.

Айта кетейік, 2019 жылы Дубайда өткен сайыста Қазақстандық жас өнертапқыштар Қытай, Жапония және АҚШ сияқты робототехника алыптарын басып озып, 191 елдің ішінде үшінші орынға ие болған болатын.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы