Елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі артты

Соңғы бір жылда елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі 7%-ке өсті. Қазіргі таңда сұранысты жергілікті энергетика станциялары жабады. Бірақ алдағы уақытта тұтыну көлемі тағы артса, онда жаңа қуат көздері қажет болады дейді мамандар.

Қазақстанда тағы бес Қызылорда облысы немесе бір Алматы облысы пайда болды деп елестетіп көріңіз. Иә, биыл елімізде электр қуатын тұтыну  дәл осындай көлемге ұлғайған.  Жүйелік оператордың ақпаратына сәйкес, бір жылда электр қуатын пайдалану 7 процентке өскен. Басқаша айтқанда, бұл бір жарым мың мегаватт. Сала мамандары мұның бірнеше себебін атады. Ең біріншісі – тозығы жеткен электр станциялары.

Болат Тұяқбаев, ҚР Энергетика министрлігінің электр энергетикасын дамыту және интеграция басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда 204-ке жуық электр станциясы Қазақстанда электр энергиясын өндіреді. Көпшілігі 60-70-жылдары салынған. Көбісінің қазіргі таңда тозығы жеткен. Олардың жалпы қуаты 19 мың мегаватт.

Электр энергиясының жетіспеушілігі белігілі бір уақыт аралығында ерекше сезіледі. Бұл тәуліктік максимум деп аталатын кешкі сағат 7-ден 10-ға дейінгі аралық. Жазда желідегі жүктеме күндізгі 3-тен 4-ке дейін артады. Бұл кезде күн қатты ысып, барлық жерде желдеткіштер қосылады. Бірақ Энергетика министрлігі отандық станциялар өндіретін қуат әзірше жеткілікті деп сендірді.

Болат Тұяқбаев, ҚР Энергетика министрлігінің электр энергетикасын дамыту және интеграция басқармасының басшысы:

- 2035 жылға дейін энергетикалық баланс әзірленіп жатыр. Соның шеңберінде елімізге қанша қуат қажеттілігі, қанша тұтыну мөлшерінің өсуі сол жерде қаралатын болады және сол стратегиялық құжатта бүкіл елдің бағыты анықталатын болады. Энергетика министрлігімен маневрлік генерацияны дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Желтоқсан айында үш аукциондық сауда-саттық жүзеге асырылатын болады.

Қазір цифрлық майнингті дамыту бойынша әлемдік трендтер қалыптасып келеді. Бұл мәселеде де Қазақстан сыртта қалған жоқ. Біздегі электр энергиясының бағасы майнерлер үшін тартымды. Өз кезегінде бұл да тұтыну көлемінің өсуіне әкеледі дейді мамандар. Осы орайда елімізде майнинг орталықтарының пайдаланатын энергиясын бақылау мәселесі қарастырылып жатыр. 

Бекжан Мұқатов, KEGOC AҚ Ұлттық диспетчерлік орталығының бас диспетчері:

- Ең алдымен, электр энергиясы тапшылығының туындауына электр станцияларының  апатты жағдайда болуы  әсер етеді. Өйткені өндіріс аз, ал қажеттілік жоғары болса, онда тапшылық туындайды. Генерацияның жетіспеуінен электр энергиясы тапшы болуы мүмкін. Сондықтан KEGOC энергетика министрлігімен бірлесіп майнинг орталықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілерге түзетулер әзірлеп жатыр. 

Қазақстанда электр энергиясының 70%-тен астамы көмір станцияларында өндіріледі. Яғни бұл жылу электр станциялары. Олардың да тозығы жеткен және алдағы уақытта біртіндеп істен шыға бастайды дейді мамандар. Сондықтан ендігі міндет осы көмір электр станцияларын алмастыратын қуат көзін табу. Осы арқылы 2030 жылға болжанып отырған электр қуаты тапшылығының алдын алу.

Денис Зарва, ҚР Курчатов ұлттық ядролық орталығының бас инженерінің орынбасары:

- Жалпы ерте ме, кеш пе біз электр энергиясының тапшылығы тап боламыз және ешқандай жаңғыртылатын энергия көздері: күн, су, жел электр станциялары оны жаба алмайды. Бұған қоса баламалы энергия көздерінің өз проблемалары бар. Бұл экономикалық тиімділік мәселесі. Күн панельдерін немесе жел генераторларын жасаудың өзіне олар өндіретін қуаттан да көп қуат кетеді. Сондықтан бүгінгі таңда атом энергетикасына балама жоқ.

Әзірге Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болады деген болжам ғана. Ол тұтыну көлемі одан әрі артып, ал станциялар бұл сұранысты қанағаттандыра алмаса туындайды. Онда энергияны көрші елдерден тартуға тура келеді.

Мамандардың айтуынша, бірінші кезекте электр қуаты Ресейден импортталады. Ал жауапты мекеме өкілдері бұл жұмыстың қамына қазірден кірісті.

Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев, Жандос Битабаров