Тараз тұрғыны құрастырған көлік мультфильм кейіпкерінен аумайды

Тараздық тұрғын ерекше көлік құрастырып шығарды. Геннадий Чернявскийдің ойлап тапқан мототехникасы тура мультфильм кейіпкеріне ұқсайды. Қолдан жасалған мопед жұрттың қызығушылығын тудырып отыр. Автор екі дөңгелекті бірегей көлікті «Планктон» деп атаған.

Идея авторы Геннадий Чернявский деген мына жігіт. Ол автокөліктерге бала кезден қызығады. Интернет арқылы әлем инженерлерінің туындыларын көріп, өзі де ерекше көлік жасауды ұйғарған. Ол үшін ескі мопедті алып, ортасынан бөліп қысқартқан. Кейін оған велосипедтің қаңқасын жалғап, орындығын салыпты. Жарықшамы 1967 жылы шыққан «Фольксваген» «жук битл» көлігінікі. Ал креветкаға ұқсас сыртқы қаңқасын қолдан иіп жасаған.

Геннадий Чернявский, автоәуесқой:

- Мультфильмдегі кейіпкерге ұқсас болған соң осындай атау бердік. Құрастыруға алматылық Андрей Механ деген жолдасым жәрдем берді. Жұрттың бәрі қызығады. Тамашалайды. Маған бұл ұнайды. Хобби. Айналысқаныма 12 жылдан асты. Бұдан бөлек жоба жетерлік. 

Геннадий Чернявский бұған дейін талай жобаны жүзеге асырған. Мәселен, мына көлік «киндер сюрприз» деп аталады. 60 жыл бұрын шыққан жигулиді жөндеп оған заманауи үлгіде жан бітірген. Ішін былғарымен қаптап, терезелері батырмамен ашылатындай етіп істеген. Жүк салғышы сенсорлы. Дөңгелектері пультпен көтеріліп түсіріледі. Бұл көлік еліміз бойынша 16 үздік машиналардың тізіміне енген. Ал көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған планктон мопеді. Қос дөңгелекті көлік бензинмен жүреді. Жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін арттыра алады. Автоәуесқой оны құрастырып шығаруға 1 миллионнан астам теңге жұмсаған. 

Автордың айтуынша, мотокөлік «Скуби ду» деп аталатын жобаның бір бөлігі ғана. Әзірге толық айтпады. Аяқталғанда тосынсый болады деп отыр. Қазір ол досымен бірлесіп, сирек кездесетін «Фольксваген» транспортер шағын автобусын жөндеп жатыр. 

Тимур Сулейманов, механик:

- Мұндай көліктерді жөндеу әлде қайда күрделі және ұзақ уақыт жұмсалады. Оның үстіне қосалқы бөлшектердің тек түптұсқаларын ғана орнатамыз. Табу қиын әрине. Тапсырыспен Ұлыбританиядан келеді. Көбінесе аукцион арқылы аламыз. Қазір сырлауға дайындап жатырмыз. Одан кейін қозғалтқышы мен ішкі бөлшектерін түгелдейміз. Кемінде 1 жылдай уақыт кетеді.

Жобаның үшінші кезеңінде осы шағын автобусқа тіркелетін арба жасауға кіріспек. Айтуынша, ол сыйымдылығы 6 адамға шақталған жылжымалы үй болады. 

Геннадий Чернявский, автоәуесқой:

- Толық құрастырып болған соң шағын автобусқа арбаны тіркеп, оған планктонды орнатамыз. Сөйтіп, бүкіл Еуропаны араламақпыз. Бұл автомәдениет. Түрлі фестивальдерге, көрмелерге қатысу жоспарда. Сосын арбаға 1 тонна «Қазақстан» шоколадын артып, тур кезінде кәдесый ретінде таратып шықсам деймін.

Еуропаға саяхат келер жылға жоспарланған. Ең бастысы, пандемия кедергі болмаса болғаны. 

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...