Қостанайда табиғи газ беру тоқтатылады

Қазанның 12-нен 18-не дейін Қостанай облысының барлық ірі өнеркәсіп орындарына, сондай-ақ жылу энергетикалық компаниясына табиғи газдың берілуі тоқтатылады.

Бұл күндері Қарталы-Рудный аралығындағы магистралды газ құбыры бойында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«ҚазТрансГаз Аймақтың» облыстық филиалы өткен аптада осындай ақпарат таратты. Артынша Қостанай жылу энергетикалық компаниясы да газбен қамтамасыз етілмесе, жылу беруді шектейтіндігін әлеуметтік желіде жария етті. Қаланың кейбір шағын аудандарында бір апта бойы жылу, ыстық су болмайтындығы туралы хабарландыру жазбалар пайда болды.

«Күздің қара суығында бұл қалай?» деген  сұрағымызға жауапты органдардан түсініктеме алу оңайға соққан жоқ. Тек күні кеше ғана облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы мынандай ақпарат таратты: «Қарталы-Рудный» магистральді газ құбырының төрт жерінде ақау пайда болған. Соны жөндеуге шамамен бір апта уақыт кетеді. Бұл аралықта жиналған газ қоры есебінен облыстың жылу беру жүйесі үздіксіз, тұрақты жұмыс істейтін болды».

Қысқасы, алаңдауға негіз жоқ дейді.