Елде медицина қызметіне көңілі толмайтындар саны артты

Тұтынушылар тарапынан түскен шағымдардың шамамен тең жартысы жергілікті медициналық қызметке бағытталған. Әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне сай, сауалнамаға қатысқандардың 46 проценті дәрігерлер жұмысы сапасының сын көтермейтінін айтқан.

Азаматтардың көңілі толмайтын тағы бір сала – тасымалдау қызметі. Респонденттердің 43 проценті осылай деген. Сұралғандардың шамамен 40 проценті білім беру секторы мен байланыс қызметінде мәселе көп дейді. Сондай ақ ведомство басшысы жыл басында іске қосылған «e-тұтынушы» ақпараттық жүйесінің жұмысына тоқталды.

Асқар Тынысбеков, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің комитет төрағасы:

– Тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша өтініш қабылдайтын бірыңғай «е-tutynushy» ақпараттық платформасы әлі сынақтан өтіп жатыр. Сайтты әлде де жетілдіру керек.

Айта кетерлігі, бұл цифрлық жобаға мемлекеттік бюджеттен ақша бөлінген жоқ. Сондықтан қазіргі таңда қатты талап қоя алмаймыз. Бірақ сатып алған тауарына көңілі толмаған әр азамат осы жүйеге жүгіне алады. Өтінім толтырғанда өнімді қайдан, қашан, қаншаға алғанын көрсетіп, түбіртек көшірмесін тіркейді. Осылайша, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер де түйткілді тез анықтап отырады. Сондай ақ платформа арқылы тұтынушылар электрондық форматта кеңес алуға құқылы.