Шардара су қоймасы маңынан құнды тарихи жәдігерлер табылды

Шардара су қоймасының табанынан тарихи жәдігерлер табылды.

Биыл қуаңшылыққа байланысты қоймадағы су деңгейі едәуір төмендеп, түсіп кеткен болатын. Салдарынан мүйістегі «Ақтөбе-2» деп аталатын орында бірқатар артефактілер топырақтың бетіне шығып қалған. Бірден аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Ақтөбе-2» тарихи тұрағында экспедициялық қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қыш құмыралар, тұрмыстық заттар, кірпіштер мен кәріз жүйелері, тіпті адамның сүйегі де табылды.

Археологтардың тұжырымы бойынша көне заттар 6-8 ғасырларға тиесілі. Тарихшылардың айтуынша, Шардара маңынан бұған дейін де бірнеше қалашықтар мен қорымдар, Қараханид дәуіріне жататын құнды жәдігерлер табылған. Сондықтан мамандар Шардара аумағы қосымша зерттеуді қажет ететінін айтады. Сонда ғана көне жәдігерлердің көмбесіне айналған орынға қатысты тың деректер пайда болуы мүмкін.

Нұрлан Смайлов, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі:

– Қазіргі таңда осы тарихи нысандағы жәдігерлерді жинап алдық. Баға жетпес қыш құбырлар қазып алынып жатыр. Сынық күйінде тас мүсіндер табылды. Музей қорын толықтыру мақсатында тағы да көптеген жәдігерлерді жинақтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мүмкіндігінше, осы тарихи орындардан табылған жәдігерлерді зертеп, музей қорына тіркеп, насихаттау жұмыстарымен айналысудамыз.