Қырғызстанда көмір тапшылығы мәселесі туындады

Қырғызстан билігі елдегі электр қуаты дефицитінің орнын көмірмен толтыратын болды. Осылайша бар жүктеме елдегі ең ірі көмір кен орны Қара-Кечеге түсейін деп тұр.

Қырғыз елі үшін биыл көмір мәселесі өте өзекті. Жаз бойы толассыз жауған жаңбырдан Қара-Кече кен орнындағы карьерлерде аршу жұмыстары мүлдем жүргізілмеді. Соның салдарынан отын жеткізу кестеден бір айға кешігіп қалған. Сөйтіп солтүстік аймақтарда көмір дефициті туды. Мәселенің алдын алу үшін ел үкіметі шұғыл шешім қабылдап, көмекке бірнеше техника тартты.

Азиз Аалиев, министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары:

–Төтенше жағдайлар министрлігі осында экскаватор, бульдозер мен грейдер жіберді. Көмір өндіру жұмыстарын тоқтатпау үшін барлық техника карьерлерге жұмылдырылған. Ауа райының қолайсыздығы мен шахтаның бұрынғы басшылығының тиімсіз саясатынан қазір біз өте қиын жағдайда жұмыс істеуге мәжбүрміз. Соған қарамастан, алдымызға қойған мақсатты орындаймыз деген үміттеміз. Себебі халық пен әлеуметтік нысандарға көмір қажет.

Қара-Кече көмірінің басты тұтынушысы – Бішкек жылу энерго орталығы. Қысқы жылу беру маусымында оған бір миллион тонна көмір қажет. Алайда биылғы қажеттілік одан да жоғары. Себебі елдегі ең ірі Тоқтоғул су электр станциясында жеткілікті көлемде энергия қуатын өндіру үшін су аз. Сондықтан бар үміт тоқ көзін де, жылуды да өндіретін Бішкек жылу энерго орталығында.  Осы мақсатта биыл бұл мекемеге 650 мың тонна артық көмір жеткізілмек. Сәйкесінше, Қара-Кечедегі жұмысы өте қауырт болады деп күтілуде.

Мирлан Жақыпов, мемлекеттік кәсіпорын директоры:

– Тамыздың өзінде біз кестеден екі айға кешігіп келе жаттық. Әдетте бұл уақытта біз әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз етуші едік. Ал жаз соңына кейін Бішкек жылу энерго орталығын отынмен тек 50 процентке ғана қамти алдық. Соған қарамастан, қазан айында норманы орындап үлгереміз деп үміттенемін.

Көмір көп болады деген сөз, оның бағасы арзандайды дегенді білдірмейді. Керісінше, биыл бір тонна қара отынның бағасы былтырмен салыстырғанда 716 сомға яғни шамамен 3,5 мың теңгеге жоғары. Сондықтан алдағы қыс қырғыздар үшін қиын болайын деп тұр.

Айта кетейін, Қырғызстан жыл сайын шамамен 3 миллион тонна көмір тұтынады. 

Авторы: Бакыт Чермашев