Ақтөбеде сұйытылған газ тапшы

Соңғы бірнеше тәулікте облыс орталығындағы жанармай станцияларының дені жұмысын тоқтатқан. Ал қалғандары тек талонмен ғана саудалауға көшті.

Сәйкесінше пропан құны да шарықтап кеткен. Бұған дейін литрі 58-62 теңге аралығында сатылып келсе, қазір 75 теңгеге дейін қымбаттап отыр. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасы өкілдері бұл жайтты нарық талабымен түсіндірді. Себебі жанармай бағасы электрондық сауда-саттық нәтижесімен тікелей байланысты. Ал көлік отынының тапшылығын тасымалдың тұралап қалуымен байланыстырып отыр. Қазір облысқа 13 мың тоннаға жуық сұйытылған газ қажет болса, қазан айының басынан бері тек 958-і ғана жеткен. Алайда бұл  мәселе апта соңына дейін шешімін табуы тиіс.

Самат Лепесов, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының бөлім басшысы:

– Ай басынан бері темір жолдағы жүк тасымалы көлемінің артуына байланысты газ-цистерналарын жөнелтуде кедергілер туындаған. Газ тапшылығының пайда болуы да сондықтан. Жанармай толтырылған вагондар қазір станцияларда өз кезегін күтуде. Мәселен Жем және Қандыағаш станцияларында 16 вагон-цистерна тұр.