Елордада әлі күнге дейін жылуға қосылмаған үйлер бар. Бас инспектор жауаптан жалтарды

Елордада жылу маусымы екі апта бұрын басталғанымен, жылуға әлі қосылмаған үйлер бар. Олардың біразы Алматы ауданындағы Сүткент көшесінде орналасқан. Мұндағы кей отбасы пәтерін әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы арқылы алған. Алайда не орталық жылу жүйесіне, не кәріз жүйесіне қосылмаған үйлердің бүгінде берекесі әбден қашқан.

Айгүл Рахимжанова қос балапанын бауырына басып, электр пешін қосуға мәжбүр. Осылайша ауа райы сан құбылған тұста суық тигізіп алмаудың барлық амалын жасап отыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен алған баспанасын тастап ешқайда кете де алмайды.

Айгүл Рахимжанова, қала тұрғыны:

– Үйдің іші әлі суық. Осылай жылытқыштың қасында отырамыз. Балалар бұған дейін бір-екі рет ауырып шықты. Үй суық. Жылуды қашан қосатынын нақты айтпай жатыр. Осы айдың ортасында деген. Әлі белгісіз.

Отанасының айтуынша, электр пеші күні-түні қосулы болғандықтан, бір айда тоққа 15-20 мыңға дейін төлейді. Бұл қалай болғаны деп жаңадан сайланған кооператив басшысынан сұрағанымызда, айтқан уәжі мынадай болды.

Болат Әлмахамбетов, ПИК төрағасы:

– Мына жылыту қазаны негізі өзі газы да жиналмаған, қысқы жылыту маусымына дайындалмаған. Соның бәрін қазір бар күшімізді салып түні-күні жасап жатырмыз. Бүгін әкімшілік бойынша 2 тонна газ әкелді, оның ақшасын төлеп, қазір құйып қойдық. Жұманың аяғына дейін құбырлардың бәріне жылу жібереміз.

Иә, орталық жылу жүйесіне қосылмаған үйлердің қазандығы жеке тұр. Ол сұйытылған тұрмыстық газбен жылытады. Жер астымен салынған жылу құбырлары әбден шіріген. Алматы ауданының әкімдігі «Астана Теплотранзиттен» көмек сұрап, оларды ауыстыртқан екен. Бірақ кейінгі кезде жұмыс тоқырап қалған.

Қуат Мүшкенов, қала тұрғыны:

– Әкімдік тарапынан көмек болады деген, сол көмектері дұрыс болмай жатыр. Енді КСК-ға хабарласып едік, газ болмай жатыр деді. Одан кейін газ дефицит болып жатыр деп. Одан кейін газды әкелгенімен, мына жалаңаш тұрған трубаларға ешқандай не жоқ дейді. Жылудың бәрі сыртқа кетеді, пәтерлерге дұрыс бармайды дейді. Сондықтан бізге үкімет, әкімдік тарапынан көмек керек боп тұр.

Газ тапшылығы өз алдына, құбырдың жағдайына қатысты сұрау салып, Алматы ауданының әкімдігіне хабарласқан едік. Алайда мән-жайды түсіндіруге ешкім ықылас танытпады. Бірнеше күн қоңырау шалып, ақыры тұтқасын алған маманның жауабы да мардымсыз болды.   

Нұржан Кәкімбеков, Алматы ауданы әкімінің бас инспекторы:

– Шешіліп жатыр, неге шешілмейді екен. Шешілмей жатыр деп кім айтты? Менің қазір қолым бос емес. Жиналысқа дайындалып жатырмын. Сау болыңыз!

Сүткент көшесіндегі үйлерге жылу нақты қашан беріледі деген сауалға сол күйі жауап ала алмадық. Ақыры құбырды алмастырған «Астана Теплотранзитке» жүгіндік. Мекеме басшылығы түсіндіргендей, бұл үйлер орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Сол себепті компания оларға қызмет көрсетпейді. Бірақ қала әкімдігінің сұрауымен қол ұшын созғаны рас.

Абзал Сауғабаев «Астана Теплотранзит» компаниясының бас инженері:

– Иә, біз уақытша жылу трассасын жалғап бердік. Сол арқылы алдағы маусымда жылу жеткізіп беретін болады. Оған қоса, қазір сол жылу құбырларын қаптау мәселесі тұр. Алайда, қаптау материалдарына біздің бюджетте қаржы қарастырылмаған. Егер қаржы жиналып, қажет материал алынса, онда құбырдың сыртын қаптауға өз жұмысшыларымызды жіберуге дайынбыз.

Бас инженер атап өткендей, ауыстырылған құбырлар жаңа емес, мекеменің ескі құбырлары. Мәселенің уақытша шешімін табу үшін ғана құрастырып, жалғанған. Ал оны қаптайтын материал үшін тұрғындар тағы 2 млн теңге жинады. Сол ақшаға жылу желісі толық қапталмақ. Бұған қаржы жетсе, әрине.

Жалпы қордаланған мәселені шешудің жолы жоқ емес, бар. Ол үшін бұл үйге тиесілі мына жылыту қазандығын орталықтан тартылған газ құбырына қосса болды. Көріп тұрғандарыңыздай, арасы көп 10 метр ғана. Бірақ оны жалғау үшін тұрғындардан  7 млн теңге талап етіліп жатыр. Онсыз да коммуналдық шығынға батқан тұрғындар бұл тым көп ақша.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Наурыз Базаров