Бас қаладағы қара отын тапшылығы қалай реттеледі

Жылу дегенде көмірді айналып өтеміз бе?! Бас қалада қара отын тапшы. Жұрт 10 сағаттап кезекте тұруға мәжбүр.

Біз Алаш тас жолының бойындағы базаға келдік. Бұл жерге күніне 7 вагон көмір келеді. Бірақ жетпейді. Ал қалалық әкімдіктің бөлім басшысы көмір жетеді, 4 жарым мың тонна қор бар деді. Бірақ, жұрт бұған сенбейді. Жетпей жатқан соң қаладағы ең ірі базада көмір сатылымына шек қойылды. Яғни бір адам 10 тонналап ала алмайды. Тапшылыққа не себеп десек, әкімдіктің бөлім басшысы Мақсат Есмағұлов кеніштерден қалаға көмір таситын вагон жетпеді деді. Сондықтан осындай дүрбелең белең алған. Айтуынша, жағдай енді реттелмек.

Мақсат Есмағұлов, қалалық Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Тек бүгінгі күні бізге қалаға 44 вагон келген болатын. Әлі қалаға жетпеген 168 вагон бар. Ол дегеніміз 11592 тоннаны құрайды. Бүгінгі күні қалада 8 компания бар. Олар біздегі 14 орында көмір сатады.

Баға өзгермеген. Шұбаркөл көмірі қалада орташа есеппен 13300-ден, Қаражарда 12 жарым мыңнан, ал Майкүбі көмірінің тоннасы 12 мың теңгеден сатылып жатыр. Мақсат Есмағұловтың сөзіне сенсек алдағы уақытта да қара отын қымбаттай қоймайды. Себебі, әкімдік пен көмір компаниялары арасында меморандум бекіген.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Артур Горшняков