Жол құрылысына бөлінген 80 млрд теңге қайда кетті

Шығыс Қазақстан облысындағы халықаралық «Омбы-Майқапшағай» тас жолын қайта  жаңғырту жұмыстарының аяқталу мерзімі ұзаратын түрі бар. Қытай мен Ресейді жалғап жатқан күре тамырмен күнделікті Зайсан, Күршім, Тарбағатай, Көкпекті, Жарма ауданының мыңдаған тұрғындары қатынайды. Әсіресе, Қалбатау мен Боғас арасындағы 204 шақырым жол 4 жылдан бері жұртты әбден әбігерге түсіріп, жүйкелерін жұқартты. Ескісі бұзылған, ал жаңасы салынып бітер емес.

Омбы-Майқапшағай тас жолымен халықаралық жүк тасымалдаушыларды есептемегенде, күнделікті бірнеше аудан тұрғындары қатынайды. 2017-жылдан бері мұнда «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша ірі жоба жүзеге асып жатыр. Жоспар бойынша Қалбатау мен Зайсан арасындағы 415 шақырым толық қайта жаңғыртылуы тиіс.

Жобаның аяқталу мерзімі – келесі жылдың 7-маусымы. Алайда мердігерлердің бүгінгі жұмысына қарап, бұл бос қиял екені анық көрініп тұр. Ендеше мынандай айналма жолдар халықты әлі қанша мезі қылатыны нақты белгісіз.

Зейнеткердің айтуынша 250 шақырымдық мына тұрған Семейге қатынау бұрын қиындық тудырмаса да, қазір үлкен мәселеге айналған.

Қайдар Шайзадинов, Көкпекті ауылының тұрғыны:

– Көмірді біз тоннасын 20 мыңға алып жатырмыз. Камазистерге неге бағаны көтересің деп айта алмайсың. Өйткені жолдың сиқы мынау. Барған сайын сынып келе жатыр. Жол бойы бәрі сынған мәшинелер. 90 шақырым жолдың бәрін быт-шытын шығарды да, біреуі кешірім сұраған жоқ. Ақшаның бәрін сыпырып алды да, кетті. Адамға санамайды халықты. Сонда біреуі келіп түсіндіруі керек қой. 80 миллиард қайда кетті? Ол 8 мың теңге емес қой, 80 мың теңгеге де қылмыстық іс қозғалып жатады. Біреуі түсіндіруі керек қой бізге осы жағдайдың бәрін. Халық қатты ашулы шынын айтқанда.

Қайдар ағаның сөзін өзге де көлік жүргізушілері құптап отыр.

Санат Қарымсақов,  Көкпекті ауылының тұрғыны:

–Жол сапасы біздің әлеуметтік жағдайға өте қатты әсер етеді. Өйткені баға өсіп жатыр, техника жете алмайды, тасымалдау құны өсіп кетті. Ауру адам медициналық көмекке барады. Жолдан өте алмайды, өзі ауру адамдарды жеткізуге бара жатқанда соғады. Талай осындай жаман оқиғалар болды. Адамдар жол бойында қаза табады. Өйткені сапа жоқ, жете алмайды.

Ербол Нұрғалиев, көлік жүргізушісі:

–Екі мәрте рет қорғанышы сынды, 3-ші рет доңғалағым жарылды, жап-жаңа дөңгелекті тас кесіп тастады. Жол бойында солай тұрғандар көп. Түн мезгілінде қазір жаңбыр жауады, ол күні судан шұңқыр көрінбейді. Осы жолға біз шығарда космонавт сияқты дайындаламыз, сондықтан осы жолды жөндеп берулерін сұраймыз.

Бұл жолға жауапты мердігерлер 3-4 жылдан бері 26 шақырымға ғана асфальт төсеген, бұл жалпы жобаның 15 процентіне де жетпейді.

Ал мердігерлер өз кезегінде бұл жұмыстарды сапалы атқаруға былтыр қауіпті індеттің кесел болғанын себеп қылса, биыл қымбатшылық тұсау салды деп ақталады.

Мұрат Байжұманов, жобаның бас инженері:

– Битум жобада 120-140 мың тоннасы тұратын болса, қазіргі кезде тоннасы 230 мың осындай бағытта өзгеріп кетті. Қалған материалдарға қазір 2 көпір салып жатырмыз. Ол екі көпір осы уақытқа дейін бітіп қалатын еді, арматура бірден қымбаттап кетті. Осыған байланысты кішкене дағдарыс туындап отыр. Халықтың қазіргі сұранысы түсінікті. Негізінде қазір қысқа дайындық жүріп жатыр. Былтырғыға қарағанда негізгі жолдың үстінен жүргіземіз.

Мердігерлер мәліметіне сүйенсек, қазір бұл аумақта 125 техника, 165 адам еңбек етіп жатыр. Бұл – жалпы жобаға қажетті күштің үштен бірі ғана. Ал тапсырыс беруші «Қазавтожол» ұлттық компаниясы келесі жылы бұл жерге жұмысты ширату үшін басқа компания тарту жағын қарастырып жатыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...