425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Нұр-Сұлтанда 9 мың әскери қызметкер баспаналы болды

  • 46
  • UPD: 14:29, 12.10.2021

Елде әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамту туралы заң күшіне енгелі 9 мыңнан астам адам баспаналы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзгеріс осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың қор жинап, ипотекалық несие рәсімдеуіне, жалдау ақысын төлеуге, үлескер ретінде қатысуға және өз үйін салуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ әскери салада 20 жылдан артық еңбек еткендер үйді ақысыз жекешелендіре алады. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Әскери қызметте болған тағы бір отбасы қоныс тойын тойлады. 2018-ші жылға дейінгі заң бойынша олар қызметтен кетсе де пәтерден кете алмай жабық әскери қалада тұруға мәжбүр болатын.

Назгүл Құнанбаева, запастағы ефрейтор:

– Бағдарлама талаптарына бірден келістік. Бәрі оп-оңай жүзеге асты. Әуелі жергілікті әскери бөлімге құжат тапсырдық. Екі аптадан соң Ақмола облыстық әскери бөлімнен және тұрғын үй комиссиясынан хабарласты. Екі-үш аптаның ішінде пәтердің құжаттарын реттеп атыма аударып берді. Осылайша ұлым екеуміз Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны болып шыға келдік.

Бұған дейінгі заңда әскери салада 20 жыл қызмет еткендер ғана  үйді ақысыз жекешелендіруге немесе ақшалай өтемақы алуға құқылы еді. Ал 10-жыл мен 20 жыл арасында еңбек еткендерге мұндай мүмкіндік берілген жоқ. Заңнамадағы өзгерістер әскери зейнеткерлерге айырбастау құқығын пайдалану арқылы, тұрғын үйді жекешелендіруге мүмкіндік берді.

Анар Сұлтанова, запастағы сержант:

– Маған үш баспана ұсынды. Соның ішінде маған ұнағаны осы үй болды. Қызымның болшағы үшін қуанамын. Ойламаған жерден Астананың тұрғыны болдық.

2018 жылы әскери қызметтен запасқа шығарылған 742 азамат жабық әскери қалашықтарда тұрды. Олардың жартысы қызметтік үйді ауыстырып, жекешелендіріп алды. Бүгінгі таңда зейнетке шыққан әскерилердің таңдауына 134 қызметтік пәтер ұсынылып отыр. Запасқа шығарылған адамдарды тұрғын үймен қамту жұмыстары әлі де жалғасады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы