БҚО-дағы Екінші Шежін ауылы байланыс аясынан тыс жерде

Батыс Қазақстан облысындағы Екінші Шежін ауылында ұялы байланыс желісі нашар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал интернет атымен жоқ. Тұрғындардың алыс-жақыннан хабар алысуы қиын. Жергілікті билік жыл сайын бұл мәселені шешуге уәде еткенмен, әзірге нәтиже жоқ.

Ержан Азаматов Екінші Шежін ауылында туып өскен. Балалық шағы өткен елді мекеннен кеткісі де жоқ. Қазір өзі 6 бала тәрбиелеп отыр. Ауылда ұялы байланыс әзер ұстайды. Оның өзі кейде жоғалып кететін көрінеді. Ал интернет мүлде жоқ. Жапандағы жалғыз үйдей хабар-ошарсыз отырамыз деп қынжылады отағасы.

Ержан Азаматов, Екінші Шежін ауылының тұрғыны:

- Тек қана сол интернет пен байланыс болмаса, басқасының бәрі жақсы. Жұмыс, бәрі бар. Телефонмен сөйлесу үшін бізге трассаға шығу керек. Бір шақырымдай жер. Әкімдік уәде берді ғой. Айтылды, бірақ әлі жоқ.

Екінші Шежін ауылы Тасқала ауданының орталығынан 50 шақырымдай жерде орналасқан. Мұнда 1300-ге жуық адам тұрады. Елді мекенге сапалы ауыз су мен газ желісі тартылған. Тек ұялы байланыс тұрмыс сапасын көлегейлеп тұр. Мектеп қана талшықты-оптикалық желімен қамтылған. Карантин күшейтілген кезде балаларды қашықтан оқыту мүмкін болмады. Ал індет тағы өршіген жағдайда не боларын білім беру бөлімінің басшысы былай болжады.

Айгүл Қасымова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

- Бізде «Білім лэнд» порталы, сосын «білімбук» бар. «Білімбукте» сабақтары бар. Сонымен шығамыз.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, ұялы байланыс пен интернет желісін орнату бағытында оператормен келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді.

Алғадай Жамбыл, Шежін ауылдық оркугінің әкімі:

- Биылғы жылы осы мәселені көтеріп, облыс әкімі жұмыс сапарымен осында келген болатын. Сол кезде интернет мәселесі бойынша жауапты мамандар келіп, осы жылдың аяғына дейін ауылды интернетпен қамтимыз деп уәде беріп, облыс әкімінің бақылауында тұр.

Ауданға қарасты Мереке ауылында да интернет ұстамайды. Жергілікті билік бұл елді мекенді сапалы байланыс желісімен қамту үшін қандай тәсіл қолданылатынын да әлі нақтыламаған.

Бексұлтан Бисәлиев, аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы:

- Келіссөздер жүргізілуде. Қандай тәсілмен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етеміз деген. Бірақ өзінің мәресіне жеткен жоқ. Болашақта анықтайтын боламыз. Тәсілдері көп. Сымды байланыс, кабельді байланыспен орнатуға болады немесе уаймакс дейді, жаңа технологиялар, сымсыз байланыс. Жобаны жүзеге асыру қомақты қаражатты талап етеді.

Ұялы байланыс пен интернеттің болмауы жастардың ауылда тұрақтап қалуына кері әсерін тигізіп жатыр. Келеңсіздік жалғаса берсе, елді мекендердің ертеңі бұлыңғыр болып кете ме деп алаңдайды тұрғындар.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов