Қостанай облысындағы сарыкөлдік оқушылар даладағы дәретханаға баруға мәжбүр

Қостанай облысындағы 477 мектептің барлығы ішкі жылы әжетханамен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық білім басқармасының берген мәліметі осындай. Алайда ауылдық мектептердің кейбірінде оның аты болғанымен, заты жоқ. Яғни ішкі әжетхана жұмыс істемейді. Мысалы, Сарыкөл ауданындағы Соналы орта мектебінің оқушылары әлі күнге дірдектеп далаға шығуға мәжбүр.

Мынау маусым айының орта кезінде түсірілген бейнекадрлар. Сарыкөл ауданындағы Соналы ауылының тұрғындары жергілікті мектепке су өткізілмегендігін, балалар даладағы дәретханаға баруға мәжбүр екендігін айтып шағымданған еді.

Ботакөз Мәдиева, Соналы ауылының тұрғыны:

- Қиын, әсіресе қыс мезгілі. Белуардан қар басқан кезде, балалар омбылап жүргені.

Араға төрт ай салып, жағдайды білу үшін Соналы ауылына қайтадан ат басын тіредік. 

Мағауия Қалиев, тілші:

– Жаздың басында келгенімізде жергілікті ауыл әкімі Соналы негізгі мектебіне осы оқу жылы басталғанға дейін су өткіземіз деп уәде еткен еді. Алайда бүгін білгеніміздей күні кеше ғана  мұнда су кірізілген. Ал балалар әлі күнге даладағы дәретханаға барып жүр.

Мектеп директоры Балдырған Халықованың қуанышында шек жоқ. Ұзақ жылдар күткен судың ішке кіргізілгеніне риза. Демеушілер көмектесіпті. Орталық колонкадан құбыр тартып, ішкі жалғау жұмыстарына барлығы 2 миллион 100 мың тенге жұмсалған. Бірақ неге екені белгісіз әжетханаға су жетпей қалған. Оның себебін директор былай деп түсіндірді.

Балдырған Халықова, Соналы негізгі орта мектебінің директоры:

- Мен әдейі канализация істелмеген соң, әлі тұра тұрыңыздар дегенмін де. Бұл ескі канализация болғандықтан, соны тазарту жұмыстарын жүргіземіз.Содан кейін барып қана, бұған су келеді унитазға.

Балалар қажетін өтейтін мектеп ішіндегі жалғыз орын тар, ескі екендігі көрініп тұр. Өткен ғасырдан келе жатқан кәріз желісінің  де әбден тозығы жеткендігі хақ. Сондықтан тек тазартумен шектеледі дегенге сену қиын.  

Сағынбай Сүндеталин, Тәгіл ауылдық округінің әкімі:

- Плиткалы пол. Оның бәрін ашу керек. Құбыр өтетін жерлердің бәрін қарау керек. Мүмкін құбыр жарылып қалды ма, кім біледі. Онда ауыстырамыз. Бәрібір істейміз.  Қалай демеуші табам. Қарашаның басынаа дейін жөндеп боламыз. Уәде берем. 

Жалпы Қостанай өңірінде 477 мектеп бар. Облыстық білім басқармасындағылардың айтуынша, мектептердің барлығында балалар үшін санитарлық-гигиеналық жағдай жасалған. Ол үшін бюджеттен 54 миллион тенгеден астам қаржы бөлініпті. Сонда кімнің есебінен шикілік шығып тұрғандығын түсінбедік.

Мейрамғали Таипов, облыстық білім басқармасының бас маманы:

- Аудан білім бөлімдеріне сүйенсек, бізде дәретханалардың бәрі ішке кірілді деп ақпарат беруде. Және де олар қолданыста деп айтуға болады. Әжетхана негізі іште, бірақ ол қолданыста болмауы туралы сұрақты Сарыкөл ауданының білім бөліміне шығамыз. Ол сұрақты шешеміз.

Қазір Соналы қазақ мектебінде шағын орталығымен қос есептегенде 55 бала білім, тәрбие алып жатыр. Әкім уәдесінде тұрса, биыл қыста олар дірдектеп далаға жүгірмейді деп сенейік.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг