Талдықорғандық зағип жандар брайль әдісімен кітап оқи бастады

Есейгенде жанары суалған талдықорғандықтардың басым бөлігі брайль әліпбиін білмейді, деп хабарлайды Хабар 24.

Сондықтан кітап оқып, компьютерді қолдана алмайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қаладағы қоғамдық бірлестіктердің бірі арнайы курс өткізіп, зағип жандарды оқыта бастады.

Талдықорғандық зағип жандар бірінші қыркүйектен бастап брайль әліпбиін үйрене бастаған. Қазір олар әріптерді жазып, сөз құрай алады. Жаңа шрифті меңгеріп жатқандардың бірі - Дидар Ихсанов. Ол кітапты соңғы рет көз жанары нашарламай тұрғанда оқыпты. 

Дидар Ихсанов, қала тұрғыны:

-15 жыл болды көзім көрмегелі. Оған дейін оқығам. Ал 15 жылдан бері оқыған да жоқпын, жазып та көрген жоқпын. Енді міне, үйреніп жатқанымыз жаңа. Курс біткеннен кейін әдеби кітаптарды оқып, брайль әліпбиімен құран оқысам деймін.

Тәлімгерлер әріптерді қағазға ғана емес,  арнайы құрылғыға да жазады. Қоғамдық бірлестік өкілдері оны жетілдіріп, шахмат тақтайшасы ретінде жасап алған.

 Қуаныш Қапанов, қоғамдық бірлестік төрағасы:

 - Біріншісі пластмастан жасалған тақташа, оған он-ақ әріп сияды. Оның салатын темірлері ыңғайсыз болып тұрады. Екіншісі «Дос» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ойлап тапқан тақтайшасы - А4 форматта. Оған 72 әріп сияды. Онымен сөз де, сөйлем де құрап жазып шығуға болады. Темірлерінің өзі саусақпен ұстауға ыңғайлы.

 Тың бастама қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің тапсырысы негізінде қолға алынды. Оқу курсы жыл соңында аяқталмақ. Сол кезде зағип жандар жазу жазып, кітап оқи алатын болады.

Қарлығаш Бекенова, оқытушы:

- Ақпарат алу мүмкіндігіне ие болады. Брайль әліппесін білсе, өзін өзі дамыта алады. Кітап оқи алады. Әлеуметтік желіні қолдана алады. Қысқаша айтқанда көзі көретін жандармен тең дәрежеде болады.

 Көз жанары суалған және нашар көретін жандар енді осы жүйемен есеп шығаруды меңгереді. Маманданған ұстаздар табылып жатса, ағылшын тілін де үйренбек.

 Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов