Елордада коронавирусқа қатысты ахуал тұрақталды, деп хабарлайды «Хабар 24» .
Бірақ оқу жылының басталуымен мектептерде вирустың таралуы бәсеңдер емес. Бүгінге дейін 88 мектепте 303 сынып карантинге жабылған. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері мәлімдеді. Оқу жылы басталғалы 2200 бала коронавирус жұқтырды. Жартысынан астамы сырқаттан айығып, мектепке оралды. «Көбіне 3 және 8- сынып аралығындағы балаларда қауіпті инфекция анықталады», - дейді сала мамандары.
Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:
- Қазірдің өзінде қызыл аймақта қалып отырмыз. Күніне 60-70 науқас ауруханаға түсуде. Вакцинаны неғұрлым тез алсақ, соғұрлым жағдайды ұстай аламыз.
Елорда бойынша қазір инфекциялық 7 стационар жұмысын жалғастырып жатыр. Орындар саны - 990. Соның 578-інде науқастар емделуде. Жансақтау бөлімінде 56 адам жатыр, 14-і өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Асхат Оралов қала әкімінің орынбасары:
- Халықты жаппай вакцинамен қамту үшін арнайы пунктер медициналық ұйымдарда және қаланың 5 сауда орнында жұмыс істеп тұр. Олар Керуен, Хан Шатыр, Абу-Даби плаза, Азия Парк және Еуразия сауда үйі. Екпені 100 мың азамат алды. Бұдан екі апта бұрын теміржол вокзалы мен әуежайдан егу пункттері ашылды.