Қостанай облысындағы бірнеше ауылға су тарту жобасы тоқтап тұр

Қостанай облысындағы Троебрат, Сатай, Сокол ауылдарына ауыз су құбырын тарту жұмыстары биыл басталуы тиіс еді. Алайда 800 миллион теңгеге бағаланған ауқымды жоба әзірге тұралап тұр. Ауыл тұрғындары оның орындалуы созбаққа салынып кете ме деп қорқады. Ал жауапты сала басшылары қаржыландырудан «кінәрат болмаса, аталған елді мекендерге ауыз суды екі жылдың ішінде жеткіземіз» деп отыр.

Троебрат ауылына ауыз су темір жолмен сонау Бурабайдан жеткізіледі. Орталықтағы жалғыз су тарату пункті таңертең және кешке екі сағатқа ғана ашылады. Бұл уақытта үлгірмей, тіршілік нәрінен құр қалатындар бар. 

Бақытжан Иманқұлов, Троебрат ауылының тұрғыны:

- Судың мәселесі баяғыдан келе жатқан мәселе ғой. Су аз келеді. Бәріне жетпейді.

- Ауылға су өткізеді деп еді?

- Естігенбіз, көп болды. Үш жыл ма, үш жылдан асып кетті. Міне келеді, жылда-жылда айта береді. Жылда-жылда сол қала береді. Істеп жатқанын көріп жатқан жоқпын.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Троебрат, Сатай, Сокол ауылдарын ауыз сумен қамту бойынша былтыр жобалық-сметалық құжат дайындалып, байқау өткізіліп, мердігер анықталып, бюджеттік тапсырыс берілген еді. Екі жылға есептелген бұл ірі жоба биыл басталып, 2022 жылдың соңында аяқталуы тиіс. Бірақ байқағанымыздай, әлі күнге ешқандай қимыл қозғалыс байқалмайды.

Ауыл тұрғындарының әкім алдында көтеретін негізігі мәселесі сол ауыз су. «Уәде етілген құбыр тарту жұмыстары қашан басталады» деген күнделікті сұрақ. Ал әкімнің қолдан келер бар амалы аудандағылардан сұрап, біліп отыру.

Сәбит Құрманбаев, Троебрат ауылының әкімі: 

- Жаздан бері міне бүгінге шейін су хабары, ештеңе болған жоқ. Енді мынау облыстық Мәслихатта ақша бөлінді деп, бізге аудандық бастықтар солай айтты. Енді план бойынша ендігі жетіден бастап, магистралдық жұмыстарды бастайды. 

Екі жылға есептелген бұл жобаға биыл 410 миллион теңге бөлу жоспарланған еді. Әзірге соның төрттен бірі ғана берілмек. Яғни әрі кетсе, биылға белгіленген жұмыс ауқымының 25 проценті ғана атқарылады деген сөз. 

Талғат Сақтағанов, Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары:

- Биыл байқау өткізіліп, жеңімпаз анықталғанымен қаржыландыру болған жоқ. Жақында ғана облыстық мәслихат бюджеттен 100 миллион тенге бөлу жөнінде шешім шығарды. Енді қосымша келісім-шарт жасасқаннан кейін мердігер жұмысқа кіріседі. Осыдан кейін уақытылы қаржылдандырылса, келер жылдың аяғына дейін бұл ауылдарға су тартып үлгіреміз деп ойлаймын.

Облыс бойынша екі жылдың ішінде 221 ауылға тасымал суды тарататын пунктер орнату жоспарланып отыр. Сонда ғана сапалы ауызсуды тұтынатын ауылдықтардың саны 80 процентке жетпек.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг