БҚО-да мал азығынан қиналмайтын Тасқала ауданының өзінде биыл шөп шығымы аз

Батыс Қазақстан облысында мал азығынан тапшылық көрмейтін Тасқала ауданының өзінде биыл шөп шығымы аз. Шаруалар енді көпжылдық өсімдік түрлерін егуді қолға алды. Ал аудандағы негізгі канал әбден ескірген. Мұның үстіне мемлекеттен берілетін субсидия да уақытылы төленбей жатыр.

Нариман Мусенов ұзақ жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Қытымыр қысқа дайындық әдетте қиындық туғызбайтын. Дегенмен, биыл біраз әбігерге салды. Жаз бойы аптап ыстық болып, шөп шығымы төмендеп кетті. Оның үстіне фермердің өз қаражаты есебінен жөнделген қос бөгеттен де қайыр болмады. Шаруа иелігіндегі шабындықты түгел шауып алғанымен азық аздық етіп тұр. Қажетті мөлшердің 60%-і ғана дайындалған. Шаруа әкімдіктен қосымша жер сұраған көрінеді. Қазір еңбек бригадасы 80 шақырым жерден шөп тасып жүр. Алыс жол айтарлықтай шығынды талап етеді. «Ал мемлекет тарапынан жаңа техникаға берілетін субсидияның уақытылы төленбеуі жығылғанға жұдырық» дейді шаруа.

Нариман Мүсенов, шаруа қожалығының басшысы:

- Глубокорыхлитель қалды. Және проценттік мөлшерлеме қалды комбайнға. Ала алмай жүрміз әлі. Жұмыс қайнап тұрған кезде әрине қаражат жетпейді ғой. Шөптің құнарлығы биылғы қуаңшылыққа байланысты шамалылау. Екі бөгет Совет кезеңінен. Оңдатып алдық өзіміздің қаражатымызға. 2 жыл болды. Енді бөгеттерде су кеуіп қалды. Ыссылық болды. Құдықтар бар енді. Жайлап-жайлап құдықтан суарып жатырмыз.

Жергілікті билік өкілдері қаржылай қолдаудың кешіктірілу себебін өтініштердің күрт көбейіп кетуімен байланыстырды. 

Самиғолла Шүкіров, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Былтыр, мысалы, 359 млн теңге мал шаруашылығында және 402 млн теңге техника сатып алғанда беруде. Былай алып отыр уақытында емес болғанмен. Техника көп алады қазір жылма-жыл. 6 айдың ішінде сараптама істегенде 22 «Ловол» деген трактор. Трактор мен басқа да жабдық құралдар алады. Пресс подборщик, т.б. алғанда просто үлгермейді. Бірақ енді ақшасын түбі беріп жатыр ғой.

Аудан шаруалары қыстан қымтырылмай шығу үшін 104 мың тоннадай жем-шөп қажет. Мамандар биылғы қуаңшылыққа қарамастан қажетті мал азығының жиналғанын айтады. Егістік алқабы бар фермерлер көпжылдық шөп түрлерін егіп, азық қорын толтыруға жанталасып жатыр. Өйткені шөп шығымы жылдан жылға нашарлап барады. Ұзындығы 44 шақырым болатын Жайықбай каналының жағдайы мүшкіл. Гидронысанды тазалап, қалпына келтіру бағытында 2 жыл бұрын жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамадан өтіп қойған. Алайда құрылыстың басталатын түрі жоқ.

Самиғолла Шүкіров, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Жайықбай каналы біздің 3 ауылдық округтен өтеді. Сонда шамамен 22 шаруа қожалығы орналасқан. Бұрынғы ескі канал ғой. Қамыс өсіп кеткен. Техникалық тазалау жұмыстарын жүргізу керек. Өтетін бөгеттерді кішкене жөндеу керек. 756 млн қаражат қажет соған. Қазір мына табиғат ресурстары басқармасында тапсырылып, сол күтілуде.

Шаруалар субсидияның қолжетімді болып, гидронысандардың тезірек жаңғыртылғанын қалайды. Әйтпесе алдағы жылдары да қуаңшылық қысса, жағдай тіптен қиындап кетуі мүмкін. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов