Қытаймен шекарадағы Зайсан халқы Сарыбұлақтың көгілдір отынының рақатын көруде

Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік шығысындағы Сарыбұлақ кенішін игеру тәуелсіздік жылдары қолға алынған ірі жоба. Бүгінде Қытаймен шекарадағы Зайсан ауданы халқының 80 проценті көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Алдағы жылдары тұрғындарды толық газбен қамтып, көрші аудандарға да өркениет игілігін жеткізу жоспарланған. Қыстағы машақаттың жеңілдегені өз алдына бұл бюджетке де үнем болғалы тұр. 

94 жастағы зайсандық Нұркамал әжей бұл үйде жарымжан ұлымен тұрады. Қыс келсе отын жарып, көмір жағу, күл шығару бейнет болатын бұған дейін. Енді міне отынды баспанасына тегін кіргізіп берген аудан әкімдігі мен газ таратушы мекемеге алғысын жаудырып отыр.

Нұркамал Мырзаханова, тыл ардагері:

- Осы газдың қызығын көремін деп ойлаған да жоқ едім. Бәрін де кәрілігімді есебіне алып, бәрін өздері істеп беріп кетті. Газ да бар, су да бар, жылы үйде отырмын, рақатын көріп.

Серік Оразбеков, газ тарату мекемесінің өкілі:

- Бұл әр адамның, әр мекеменің, әр жанның парызы осындай жандарға көмектесу, осындай жандарды әрқашан өз қарамағына алу. Бұл газды біз қосып кетіп қалмаймыз, мұны әрқашан келіп тексеріп тұрамыз. Өйткені Нұркамал апамыз жалғыз апа, үлкен кісі, өздігінен газды қосып ажырата алмайды.

Өркениет игілігін ауданның әлеуметтік нысандары да көріп отыр. Ғимаратты газбен жылыту қазына қаржысына да үнем болғанын айтады мамандар. 

Тұрсынхан Бекбосынов, аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары:

- Бұрын көмірмен жаққан кезде от жағу мерзіміне 11  миллион 300 мың қаржы жұмсалса, ал енді қазіргі төлеп отырғанымыз газдан келген жылуға 2 миллион 850 мың теңге. Сонда 75 процент үнемдеп отырмыз. Ал екінші жағынан қарасақ, экологияға тиімді.

Серік Тілемісов, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

- Зайсан ауданы бойынша 36 мың халық болса, қазіргі таңда 80 процентіне жуығы орталықтандырылған көгілдір отынға қосылып отыр. 2020 жылы бізге 8 ауылға дейінгі магистральді газ құбырлары барған ауылдың іргесіне дейін. Ендігі біздің мақсат ауылішілік көшелерде, кварталдарда газ құбарларын тарту жоспарланып отыр. Оның сыртында мына Зайсан қаласының 3-кезеңіне жобалық-сметалық құжат әзірленіп, соны қазір облыстық бюджет есебінен 45 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары бастау алды.

Ауданда мүлдем газ бармаған елді мекендер бар. Олар Шілікті, Жалши, Тасбастау. Бұл мақсатқа да жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, алдағы жылдары жүзеге асыру көзделген. 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Мамандар келтірген соңғы мәліметтерге жүгінер болсақ, Сарыбұлақ кенішіндегі газ қоры Зайсан ауданын әлі де 15 жыл көгілдір отынмен қамтуға жетеді екен. Дегенмен, ол жердегі зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Егер ол оң нәтиже берер болса, Шығыс Қазақстан облысының тағы да бірнеше ауданын өркениет игілігіне қосу жоспарланып отыр.

Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы