Петропавлда былтыр жөнделуі тиіс көпір әлі күнге дейін қалпына келтірілмеді

Петропавлда былтыр жөнделуі тиіс көпір әлі күнге дейін қалпына келтірілмеді. Нысанның деформациялық тігісіндегі жарық күннен күнге ұлғайып барады. Қазір халық өткелдің үстімен жүруге үрейленеді.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Осы жағдайға байланысты арнайы топ құрылды. Жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары жасалатын болады. Сол кезде көпір 1-2 күнге жабылуы мүмкін.

«Былтыр әкімдіктегілер жолды жабамыз, олқылықтың орнын толтырамыз» деп сендірді. Бірақ берген уәделерінде тұрмады. Міне бір жылдан астам уақыт өтті. Ал өткелде әлі ешқандай жұмыс жүргізілмеген.

Арғынбек Қасымов, қала тұрғыны:

- Жөндейді деп айтып жатқан. Жуырда интернетте ақша бөлді, 21 миллион ба екен, жөндейді деп. Енді мынау қыс келіп қалды. Жақсылыққа болсын. Бірақ қорқынышты. Ауыр жүк көлігі өткен кезде жаман болады.

Дмитрий Баранов,  қала тұрғыны:

- Мердігер компания кезінде жұмысын дұрыс істемеген. Ауыр техника өткенде көпір қозғалады. Алдын алу қажет. Апат болса кім жауап береді?

Облыс орталығын Жұмысшы кенті ауданымен байланыстыратын өткелдің үстімен күніне мыңдаған көлік пен жүздеген жүргінші өтеді. Барлығы да «көпір құлап кете ме» деп қауіптенеді.

Бұл өткелдің астымен пойыздар қатынайды. Сондай-ақ мұнда жоғары вольтты сымдар бар. Өткен ғасырдың 60-жылдары салынған нысанға осыдан 6-7 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Жөндеуден кейін деформациялық тігісінде жарық пайда болған.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Барлығының көпірлерді жөндейтін лицензиясы болмағандықтан мердігер көп уақыт бойы табылмады. Оңтүстік Орал темір жолымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Олар рұқсат бергеннен кейін көпірдің үстінде орташа жөндеу жұмыстары басталатын болады. 

Өткелді қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Бірақ жұмыстардың нақты қашан басталатыны әзір белгісіз. 

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов