Алматылық велосипедші тоғыз облысты аралауды жоспарлап отыр

Қазақстандық велосипедші Дамир Кушеев тағы да велосаяхатқа шықпақ. Қос дөңгелекті темір тұлпарымен ол 5 мың шақырымды еңсеріп, 9 облысты аралауды жоспарлап отыр.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаған велошеруін саяхатшы бір жарым-екі айда аяқтамақ.

Еске сала кетейік, Дамир Кушеев, Алматыдан Семейге 1200 шақырымдық жолды жаяу жүріп, елге танылған. Ол бұл сапарды «Абайға жол» деп атады. Дамир өзінің тағы бір ұзақ сапарын бүгін бастайды.

Дамир Кушеев, велосаяхатшы:

- Осы бастамам арқылы Қазақстанда бар мүмкіндігіңмен саяхат жасауға болатынын көрсеткім келеді. Сол арқылы елімізді, туған жеріміздің бай тарихы мен табиғатын тануға болады. Бұл салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, Қазақстанда велотуризмді дамытуды насихаттау дер едім.