Елімізде «100км+» республикалық жүгіру жарысы басталды

Елімізде «100км+» жалпы республикалық жүгіру жарысы басталды.

Тек басты қарсыласыңыз өзге емес, өзіңіз боласыз. Салауатты өмір салтын насихаттайтын жобаға елдің түкпір-түкпірінен әр түрлі мамандық иелері қатысып жатыр. 

Елордалық Олжас Өтегенов «100 шақырым+» челленджіне қуана-қуана қатысып жатыр. Жүгіру – оның өмір салтына айналған. Кейіпкеріміз «Жүгір.кз» сайтына тіркеліп, шарттарды орындайды. Міне күннің ыстық-суығына қарамастан, көпшілікпен бірге жүгіріп жүр. 

Олжас Өтегенов, челленджге қатысушы:

– Деніңіз сау болу үшін үлкен қашықтыққа жүгірудің қажеті жоқ. Күнара 2-3 шақырымнан жүгірсеңіз жеткілікті. Мысалы, аптасына 15-20 шақырым жүгіретін болсаңыз, екі айда 100 шақырымға оңай жетесіз. Спортшылармен жарысып, асыра күш салудың қажеті жоқ. Өзіңізбен ғана жарысыңыз. Ертең бүгіннен де мықты болуға тырысыңыз. Челлендждің мақсаты осы.

Қарағандылық Павел Овцынов медициналық университетте оқиды. Болашақ дәрігер жүгірудің жанға қуат беретінін жақсы біледі. Қолы қалт етсе дайындыққа барады. Ол «Астана» марафонына қатысып, 2 сағат 37 минутта 42 шақырымды еңсерген болатын. Жоғары нәтиже көрсеткен қарапайым марафоншы енді 100 шақырымды бағындыруға ниетті. 

Аманжол Молдабеков, бапкер:

– Ол бірінші курстан бері команда құрамында. Менде қазір жеңіл атлетикадан жүгіретін 25 студент бар. Паша жайлы айтсақ, ол қатысқан жарысынан жүлдесіз оралмайтын студент. Өте мықты, шыдамды, алдына қойған мақсатына жете білетін адам.

Павел Овцынов, «100км+» челленджіне қатысушы:

– Егер жүгіруге ниетің болса, уақыт табуға болады. Маған медицина да, спорт та қызық. Медицинаның да, жүгірудің де өз ерекшеліктері бар. Жүгіретін спортшыға, жоқ дегенде, төзімділік, физикалық тұрғыда мықты дайындық қажет. Бұл қасиеттер тек жүгіруде емес, күнделікті өмірде, оқуда да көп көмектеседі. 

«100 шақырым+» челленджі қарашаның соңына дейін жалғасады. Оған кез келген қазақстандық қатыса алады. Мақсатқа жеткендер 1,5 млн теңге және өзге де бағалы сыйлықтар ұтып ала алады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Дәуренбек Бағдәулетұлы