Жамбылда шөптің бағасы шарықтап кетті

Жамбылда мал азығы тапшы. Шөптің бағасы шарықтап кеткен. Сол себепті тығырыққа тірілген бір топ шаруа жем-шөпке субсидия беруді сұрап отыр. Жағдай жаналқымға келген шаруалар өңір басшысына аудандар дұрыс ақпар бермейді дейді. Олардың айтуынша бұлай жалғаса берсе төрт-түлік түк қалмай қырылып қалады.

Тығырыққа тіреліп, мал азығын таппай титықтаған шаруалар облыстың барлық аудандарынан келген. Қарасай Кәрімов солардың бірі. Амангелді ауылынан келген кәсіпкер қуаңшылықтан бар-жоғы 30 процент шөп қоры жиналғанын айтады. Дәл осындай 70-тен аса шаруа қыс түссе өңірдің малы қырылады деп отыр.

Қарасай Кәрімов, шаруа:

– Жаңағы 85 процент шөп дайындадық деген өтірік ақпарат. Оған менің көзім жетіп тұр.  Бұдан былай өтірік ақпарат бермеңіздер. Халықтың жағдайын ойлаңыздар.  Жем-шөбімізге жәрдем берсін. Субсидия берсін. Әлі де болса қымбат болса да алғымыз келіп отыр. Бірақ ақша жоқ. Қашанғы мал сатамыз. Жердің жағдайына қарай малымыз да арық-тұрық болып жатыр. 

Қадырқұл Мышбаев, шаруа қожалық басшысы:

–Ақша беріп, жем-шөппен қамтамасыз етуін сұраймыз. Шудың төңірегінен, бізден 700 шақырым жерден шөп дайында дейді. Ол жақтағы шөп бірнеше жыл өскен сасыған қамыс. Диаметрі 2 см қамыс. Оны мал жесе, тұрып өледі. Мен қазір 40 пайыз ғана жем-шөппен қамтамасыз етілдім. Ертең малдың 70-80% айырылып қалатын жағдайда тұрмын.

Биылғы қуаңшылықтан шаруалардың көбі шығынға батқан. Кейбірі малымыздың 40%-ға жуығы қырылып қалды десе, екіншілері егістіктің күйіп кеткенін айтып ашынады.

Сұлукүл Дәлібаева, диқан:

– 100 гектарға қызылша ексем, соның 10-15 гектары бар. 400-500 гектарға дейін арпа еккенбіз, оның барлығы түгел топырақ болды.

Басу айтып, мәселені тыңдауға шыққан әкімнің орынбасарларына шаруалар дүрсе қоя берді. Айтуларынша, орынбасарлар облыс әкіміне толыққанды ақпарды жеткізбей отыр.

Жиылғандардың алдына шыққан ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасар аймақта шөп 100 процент жиналды деп сөзінен тайсалмады. Айтуынша, 1 миллион 700 мың тонна қор бар көрінеді. Әзірге жетіспей тұрғаны – жем. Оның 53 проценті ғана әзірленген.

Нұржан Нұржігітов, облыс әкімінің орынбасары:

– Азаматтар мал алған соң, жем-шөпті өздері дайындау керек. Бұл жеке меншік тірлік. Үкімет тарапынан 100% жем-шөп мәселесін ешқашан шешіп бермейді. Субсидияның мақсаты – шығындардың бір бөлігін төлеп беру. Сондықтан бұл жерде біз тек қана бір бөлігін, ережеде қалай көрсетілді солай төлеп береміз.

Субсидия шаруаларға қашан жететіні белгісіз. Тіпті қазір оған өтініш де қабылданбай тұр. Үкімет жамбылдық шаруаларға былтыр берілуі тиіс 8 миллиардқа жуық теңгені әлі бермеген. Оның 1 млрд 190 миллион теңгесі – жем-шөп берілетін субсидия.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә