Түркістанда жүзге жуық отбасы жарықсыз отыр

Түркістанда 99 отбасы бір аптадан бері жарықсыз отыр.

Өйткені көпқабатты үйдің электр торабы әбден тозған. Сондықтан жел тұрса болды, жарық сөніп қалады. Үй болса жекеменшік. Енді майшамға күндері түскен тұрғындардың өздігінен ақша жиып, торапты жөндетуге де шамасы жоқ. Бұл жолы оларға әкімдік көмек беретін болды. Бірақ кейін жарық тағы сөнсе қайтпек? 

Ділдәгүл Қашқынбаеваның бұл пәтерде тұрып жатқанына 33 жыл болған. Пәтерін электр пешімен жылытып отырған. Жарық өшкелі бері үйі азынап тұр. Тұрғын үйдің жертөлесіндегі электр торабы әбден тозған. Сымдардың сау тамтығы жоқ. 33 жылдан бері жөндеу көрмеген су құбырлары да желінің үстінен өткен. Шіріген құбырлар жарылып, соның салдарынан электр сымдары күйіп кеткен. Сондықтан бұл үйдің тұрғындарының күні майшамға қарап тұр.

Ділдәгүл Қашқынбаева, қала тұрғыны:

– Жертөледегі құбырдың бәрі тесік. Су кетіп, электр тоғы атылды. Осыдан шамалы уақыт бұрын 3 күн жарық болмай, кейін қосылғанда тоңазытқыш, теледидарымыз күйді. Үйімізге жарық кіргізіп берсін, болды.

Нұржан Асанов, қала тұрғыны:

–Жарық мәселесі қиындық туғызып болып тұр. Екі күн жанса, үш күн өшеді. Сым тұйықталып қалады. Келіп шұқылап кетеді. Құбырлардан су ақса, сыртынан камерамен байлап кетеді. Одан тағы су ағады.

Бір аптадан бері жарыққа жарымай отырған тұрғындардың айтуынша, мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ нәтиже жоқ. «Тұрғын үй жекеменшік болғанымен, біз ай сайын коммуналдық төлемдерді уақытында төлеп тұрмыз. Сондықтан тиісті мекемелер жөндеп беруге міндетті», – дейді тұрғындар. Ал қалалық тұрғын үй коммуналдық шарушалығы бөліміндегілер бұзылған құбырлар мен электр торабын жөндеу құзыретімізге кірмейді деп қысқа қайырды. Алайда осы тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігермен келісіп, электр желілерін ауыстырып беруге уәде етті.

Әзімхан Омаров, қалалық ТҮКШ басшысы:

– Бұл үйлер жекеменшік, сіздердің жекеменшіктеріңіз. Сол себепті сіздер ортадан ақша жинағандарыңызда ол сымды тегін ауыстырып береміз деп біз әрекет істедік. Сіздердің тараптарыңыздан тұрғындар қаржы жинауға келіспеді. Тұрғын үй бөлімінде жеке үйлерге ауыстырып беруге қаржы қарастырылмаған. Қазіргі таңда сіздерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты, біз соның шешімін таптық. Мекемемен келісіп, сол мекеме жарық мәселесін жөндеп береді.

Жауаптылардың айтуынша, алдағы екі күннің ішінде мердігер мекеме тозығы жеткен сымның барлығын ауыстырып, тұрғындарға жарық береді деп сендірді. Ал оған дейін тұрғындарға салқын үйде, май шаммен отыра тұруға тура келеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы