Катар Қазақстанды «жасыл тізімге» енгізді

Қатар Денсаулық сақтау министрлігі шетелдіктердің мемлекетке кіру ережелеріне бірқатар жаңартулар енгізді. Олар 2021 ж. 6 қазаннан бастап күшіне енді, деп хабарлайды «Хабар 24» Қазақстан Республикасының Қатар Мемлекетіндегі Елшілігінің баспасөз қызетіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Қатар шет мемлекеттерді коронавирустың таралуына орай жасыл және қызыл деп екі тізімге жіктеді. Қазақстан жасыл тізімдегі елдердің қатарына қосылды.

Барлық жолаушылар Қатарға жол жүру алдында міндеттеме мен растау (Undertaking and Acknowledgement Form) нысанына қол қоюлары керек. Аталған нысан ҚМ Денсаулық сақтау министрлігі мен алдын ала тіркелу платформасының (www.ehteraz.gov.qa) сайттарында және авиакомпанияның онлайн брондау формасында жүктелген.

Енгізілген жаңа ережелерге сәйкес, Қатарға кірерде вакцинаның екі дозасын алған жасыл тізімдегі елдердің азаматтары үшін ПТР тесттен өту міндетті емес. Алайда, оларға елге келгеннен кейін 36 сағат ішінде тест тапсыру қажеттілігі бекітілген. 4 жасқа дейінгі балалар бұл сынақ процедурасынан босатылады.

Қазақстанда егілетін Sinovac және Sputnik-V вакциналары Қатарда ішінара мойындалды. Аталған вакцинаның екі дозасын алған адамдар алдын ала оң нәтижелі серологиялық антидене сынағын (a positive Serology Antibody test pre-travel) тапсыруға міндетті және оның жарамдылық мерзімі 30 күн болуы тиіс. 

Қатар аумағында тұрмайтын азаматтар келу уақытынан кемінде 3 күн бұрын www.ehteraz.gov.qa вебсайты арқылы алдын ала тіркеуден өтулері қажет. Елге ұшып келген жолаушылар «Ehteraz» қосымшасын (қазақстандық «Ашық» қосымшасының баламасы) халықаралық SIM-картасымен қоса алатын болады.           2021 жылғы 3 қазаннан бастап Қатарда коронавирус індетіне орай енгізілген көптеген шектеулер алынды. Атап айтқанда, мемлекеттік және жеке сектордың барлық қызметкерлері өз жұмыс орындарына оралды. Ашық қоғамдық орындарда бетперде кию міндетті емес. Театрлар мен кинотеатрларға сыйымдылығы 50% аспайтын мөлшерде қызмет көрсетуге рұқсат берілген. Білім беру орталықтары, мұражайлар мен көпшілік кітапханалар жұмысын толық көлемде жандандырды.

Қатар Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Ұлттық Covid-19 вакцинациялау бағдарламасы басталғалы бері елде 4,7 млн. доза  егілді. Халықтың 82,2% екі дозамен толық вакцинацияланған. Соңғы тәулікте коронавирусты жұқтырудың 51 жағдайы ғана тіркелген. Пандемия басталғалы бері жалпы аурулардың саны 237 мыңға жетті, жазылып шыққандардың саны – 235 мың. Қайтыс болғандардың саны – 606.