Шымкенттегі мұғалімдерге қатысты сот шешімі шықты

Шымкентте мұғалімдердің біліктілігін арттыру туралы жалған куәлік жасаумен айналысқан іске сот нүкте қойды.

Алаяқтық үшін білім басқармасының маманы мен №96 мектептің бұрынғы директоры сотталды. Сөз байласып, олар бірнеше рет мұғалімдердің тесттен сүрінбей өткенін көрсететін сертификат пен куәліктерді қолдан жасап, саудаға салған. Бұл іспен 2018 жылдан бастап айналысып келген. Жалған анықтаманы 340 педагогтың алғаны да белгілі болды. Оларға біліктілігін арттырғаны үшін үстемақы төленген. Ұстаздардың басым бөлігі сотқа дейін бюджеттен заңсыз алып келген  қаржыны қайтарып үлгерген. Бұл сома 210 миллион теңгені құрады. Ал сотта мектеп директорының өз қызметкерлерін пара беруге итермелегені анықталып, ол 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал экс-шенеунік 4 жыл мерзімге сотталды.

Сәбит Төреханов, қалалық Әл-Фараби аудандық сотының судьясы

– Сотта белгілі болғандай, сотталушылар  білім беру ұйымдарының мұғалімдерін 2018 жылдың мамыр айынан қараша айына дейінгі аралықта алдап, сенімге кіру арқылы  аттестаттар мен тестілеуден өткендігі туралы куәліктерді бірнеше рет жасап, саудаға салған. Осы арқылы жәбірленушілерден ақы алып келген.