Зайсан ауданында бір де бір мектеп карантинге жабылмаған

Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауылдарындағы білім ордаларында мейлінше санитарлық талаптар күшейтілген. Осының нәтижесінде Зайсан ауданында бір де бір мектеп және сыныптар карантинге жабылмаған.

Қазір мұнда 27 мектеп, 7 мыңнан астам оқушы дәстүрлі жүйемен білім алып жатыр. Ұстаздар қауымы түгелдей қауіпті індетке қарсы вакцина алса, оқушылар бетперде тағып, дене қызулары өлшеніп отырады. Зайсан қаласындағы Мұрат Дәуленов атындағы мектеп-интернатта 1300-ден артық шәкірт бар. Мұнда сырттан келген қонақтар тек «Ашық» қосымшасы арқылы кіре алады. Қазір басты мақсат соңғы бір жарым жылда төмендеп кеткен білім сапасын қайта жоғарылату дейді ұстаздар. 

Дамир Ерзин, Мұрат Дәуленов атындағы мектеп-интернаттың директоры:

– Бүгінгі таңда мектепте ауырған балаларымыз да жоқ, мұғалімдеріміз де жоқ. Түгелдей аман-есен. Санитарлық жағдайлардың бәрін сақтап отырғандықтан аурудан аманбыз. Онлайнға көшкенде білімнің олқылығы көрінді. Қыркүйектің бірінен бастап үлгере алмай жатқан балаларға арнайы қосымша сабақтар беріліп келеді.