Қарағанды облысында көп қабатты үйге жапсарлас орналасқан автопарк отқа оранды

Қарағанды облысындағы Абай қаласында 5 қабатты үйге жапсарлас орналасқан автопарк ішінде көлік отқа оранып, салдарынан баспана біраз уақыт жарықсыз және жылусыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тілсіз жаудан зардап шеккен ешкім жоқ, алайда тұрғындар мен кәсіпкер арасында дау-дамай ушықты.

Жұрт көлік түтініне тұншығып, тұмшаланып жүруге мәжбүр болдық десе, автопарк иесі меншікті қоймада не істесем де өзім білемге салып отыр.

БЛИЦ:

– Балконға шықтым, осында өтіп бара жатқан ер адам маған шығыңдар, астарың жанып жатыр деді. Қара түнек, түтін.

– Тоқты осында қалдырғам. Ол суға тиіп от шыққан да, машинаның қасында шүберек жатқан, сол жанып, көліктің алдыңғы бамперінен кеткен.

Өрттің шығу себебін қойманың қожайыны осылай деп түсіндіреді. Бет-әлбетін көрсетуге үзілді-кесілді қарсы болған кәсіпкер көпқабатты үй 2000 жылдары жылусыз, сусыз қалғанда қалпына келтіру үшін 6 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсадым деп отыр. Алайда жолаушылар тасымалымен айналысып, автобустар ала бастағаннан кейін тұрғындар мен кәсіпкер арасында келеңсіздік көбейіпті. 

Шынар Сейілбекова, Абай қаласының тұрғыны:

– Гаражды ашты, содан бері осындай автобус, микро автобус, үлкен автобустар қысы-жазы гүрілдеп, улы газ шығады. Мен өзім 2-қабатта тұрамын. Денсаулықтан денсаулық, үйден үй қалған жоқ. Жаздай мен үйді оңдайын деп жөндедім, қазір қайтадан қап-қара түтін.

Сан жылдар бойы шешілмей келе жатқан түйінді әкімдік те жақсы біледі. Тіпті, ақпан айында даудың нүктесі қойылады деп уәде еткен. Бірақ содан бері ештеңе өзгермепті. Тек төтенше жағдайдан кейін ауданның тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басшысы жаңа жоспарын жүзеге асырмақ.

Ақниет Абжатов, Абай ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Бұл жерде нысан иесімен құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатырмыз. Қазір астын техика кірмеу үшін кірпішпен қалайды. Жоғары жағын қойма ретінде тауар әкелу үшін пайдаланады. Жұмыс істеп жатырмыз, алда мұндай жағдай болмайды деп ойлаймын.

Атап өткен жөн, кеше өрт сөндірушілер тілсіз жаумен жарты сағатқа жуық арпалысқан. Абырой болғанда қоймада тұрған газ баллоны жарылмаған. Әйтпегенде жағдай әлдеқайда қиын болар ма еді дейді тұрғындар.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев