Субсидияға мұқтаж қарағандылық шаруалар Үкіметке хат жазбақ

Қарағанды облысының диқандары тұқым мен тыңайтқышқа және техникаға берілетін субсидияны ала алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үстіне биыл қуаңшылық болып, шығынға шаш етектен батқан. Ауыл шаруашылығы басқармасы қазынада ақша жоқ дейді. Шыдамы таусылған шаруалар үкіметке хат дайындап жатыр.

Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшесі Ерлан Оспанов биыл 1500 гектар алқапқа егін еккенімен, түсім мардымсыз болған. Ол аздай, тыңайтқыш, тұқым, техникаға берілуі тиіс субсидияға қол жеткізе алмай отыр. Айтуынша, қазір Осакаров ауданы бойынша 50-ге жуық диқан көмек қаржыны алмаған. «Қолдау» порталын күнде қарайды, ақшадан еш хабар жоқ.

Ерлан Оспанов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшесі:

– Ауыл шаруашылығы техникасы құнының 25 процентін, ал гербицид пен тұқымға жұмсалған қаражаттың 50 процентін мемлекет қайтаруы тиіс. Алайда жыл аяғы таяп қалды, әлі күнге ақша жоқ. Диқандардың көпшілігі субсидияға сеніп, қомақты несие алған. Енді сол тыңайтқыш пен техникаларды берген компаниялар қарызды өтеуді талап етіп жатыр. «Қолдау» порталына күнде телміреміз.

Қарағанды облысы бойынша биыл ауыл шаруашылығын қолдауға барлығы 17 миллиард теңге субсидия қаралған. Оның 3 миллиардтан астамы диқандарды қаржыландыруға бөлініпті. Бірақ бұл ақша жетпей қалған. Енді қосымша тағы 1 жарым миллиард теңге керек. Оған қоса техникаларын жаңартқандарға да 4 миллиард теңге қажет.

Сырым Бошпанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Министрлікке қосымша хат жолданған. Енді сол министрлік тарапынан қаржының болуын күтіп отырмыз. Төленеді, бұл жаңа қағидаға сәйкес алған тыңайтқыштар мен пестицидтерге 12 ай мерзімінде қайтарылып беріледі. Осы төртінші тоқсанда алған тыңайтқыштардың құнын біз келесі жылға дейін қайтаруға мүмкіндігіміз бар.

Соған қарағанда диқандар көмек қаржыны әзір ала алмайтын сияқты. Оның үстіне жергілікті билік шығынға шаш етектен батқан шаруалардан тұрақтандыру қорына бидай өткізуді сұраған. Ең сорақысы, олар өнімді нарықтық бағадан өте төмен бағалаған.

Ерлан Оспанов, Қазақстан фермерлері қауымдастығының мүшесі:

– Біріншіден, қазір бидайдың нарықтағы құны 100-115 мың теңге шамасында. Ал бізге 75-80 мыңға өткізіңдер деп отыр. Маңдай термен жиған астығын кім арзанға өткізгісі келеді. Сондықтан біздің тағы бір талабымыз – тұрақтандыру қорына өткізетін бидайдың бағасын сәл көтерсе.

Ал ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері тұрақтандыру қорына диқандар астықты ерікті түрде тапсырады, ешкім мәжбүрлемейді деп отыр. Биыл қорға 16 мың тонна бидай жинау керек. Қазір тек 1600 тонна ғана өткізілген. Бұлай жалғаса берсе, өңірде әлеуметтік нанның тапшылығы сезілуі мүмкін.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев