Қарағанды облысында спецкокс өндіретін жаңа зауыт ашылады

Бүгін алғашқы кірпіші қаланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің озық технологиясымен жұмыс істейтін өндіріс ошағы ERG компаниясының құрамына кіретін «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамының өнеркәсіп алаңында салынады.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанға жылына шамамен миллион тонна спецкокс қажет. Өнімнің бұл түрі ферроқорытпа және таза кремний өндірісінде кеңінен қолданылады. Өкінішке қарай, бүгінде спецкокстың басым бөлігі көршілес мемлекеттерден жеткізіледі. «Шұбаркөл көмір» компаниясы қазір жылына 200 тонна өндірсе, жаңа зауыттың арқасында өнім көлемін екі есеге ұлғайтпақ. Осылайша импортқа тәуелділіктен арыламыз.

Шухрат Ибрагимов, ERG компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі:

– Бұл зауыт ERG компаниясының Қазақстанда амбициялық жоспары бар екенін тағы бір дәлелдей түседі. Біз өндіріс қуатын ұлғайту үшін 6 миллиард доллар инвестиция құюды жоспарлап отырмыз.

Зауытта спецкокстан бөлек, көмір шайыры мен көмір майы да өндірілетін болады. Өндірістік қуаты – шамамен жылына 72 мың тонна. Жергілікті шикізат қолданылады. Кәсіпорыннан шығатын шаң-тозаңды ауаға жібермес үшін арнайы сүзгі орнатылған. Көмірді шайған су да тазаланып отырады. Бұл қуат көзін үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Жеңіс Қасымбек, Қарағанды облысының әкімі:

– Осы зауыттың шығаратын өнімдері тек қана Қарағанды облысына ғана емес, Қазақстанға өте керек. Сұраныс жоғары. Жалпы инвестицияның көлемі – 40 миллиардтан астам. Жаңа тұрақты жұмыс орындары пайда болады осы жерде.

Жаңа зауытты 2023 жылы іске қосу жоспарда. Кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққан кезде тек ішкі нарықты қамтып қоймай, өнім экспортқа да шығарылмақ

Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев