БҚО-дағы Тасқала ауданында білім беру мекемелері екі есе артқан

Тәуелсіздік жылдары елде жаңа мектеп пен балабақша көбейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданында білім беру мекемелері екі есе артқан. Оқу ордаларының техникалық базасы заманауи жабдықтармен толықты. 

Аудан орталығындағы сәулеті келіскен бұл ғимарат – өңірдегі көші ілгері мектеп-лицейі. 10 жыл бұрын ашылған мектепте алыс-жақын елді мекендердің дарынды балалары білім алады. Ауыл балаларына арналған жатақхана да бар. 250 дарынды оқушының интелектуалдық және шығармашылық қабілетін жетілдіруге бар жағдай жасалған.

Дильяра Макимова, мектеп-лицей оқушысы:

– Амангелді ауылынан келген болатынмын. Робототехника секциясына қатысқан едім. Жалпы ең ауқымды жоба – биогаз жобасы. Ол аудандық және республикалық жарыстарда орын алған. Енді ол биогаз қырда, таулы жақта тұратын адамдарға артықшылық әкеледі. Мал шаруашылығы қалдықтарынан бірінші айналдырғышқа барып айналады. Одан кейін екіншіге түсіп, үйге газ береді. Ал одан кейін генераторға барып, ол үйге жарық береді.

Ақханым Бисәлиева, мектеп-лицей директорының міндетін атқарушы:

– «100 мектеп – 100 аурухана» бағдарламасын орындау мақсатында осы жаңа ғимарат салды. 46 ұстазымыз бар. Оның екеуі – педагогикалық шебер, 18-і педагогикалық зерттеуші. Материалдық-техникамыз өте жоғары. Жаңа модификациялық кабинеттеріміз жабдықталған.

Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін ауданда жалғыз қазақ мектебі болған. Ал қазір 17 білім ордасы болса, соның 15-і мемлекеттік тілде, екеуі аралас оқытады. 90-жылдары аудан орталығында тек бір балабақша қызмет көрсеткен. Кейін тағы үшеуі салынған. Сонымен қатар өнер мектебі мен шағын орталықтар ашылған. Ескірген білім беру нысандары кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр.

Айгүл Қасымова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы:

– 2019-20 жылдары үш мектебіміз «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен күрделі жөндеуден өткізілді. Екі мектеп, Ақтау мен Атамекен мектептерінде «Нұрлы жермен» күрделі жөндеу жұмыстары өткізілді. Әр мектеп интернет желісіне қосылды.

Ауданда апатты білім ордасы жоқ. Алайда күрделі жөндеуді талап ететін нысандар әлі бар. Сала басшысы тағы үш мектеп пен 2 бөбекжайды жаңғырту бағытында жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өткізілгенін айтты. Алдағы жылдары құрылысты бастау жоспарда. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов