Алматыда «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы екі бөлмелі пәтерге ие болды

Сегіз айға созылған байқаудың Гран-при иегеріне қала әкімі Бақытжан Сағынтаев екі бөлмелі пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзге де жүлдегерлер бағалы сыйлықтар мен қаржылай сыйақыға ие болды.

Ұстаз мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған «Жыл мұғалімі» байқауына Алматының ең үздік деген мамандары қатысқан. Олар өздерінің білімдері, дайындаған әдістемелік құралдары бойынша жан-жақты сынға түсті. Нәтижесінде қаладағы нөмірі 39-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Нұржігіт Аманов жеңіске жетті. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қолынан пәтер кілтін алған ұстаздың қуанышында шек болған жоқ.

Нұржігіт Аманов, «Жыл мұғалімі» байқауының Гран-при иегері:

– Үміт пен сенімнің, төгілген тер мен еңбектің ақталған күні бүгін. Осы кезде біз түрлі әдіс тәсілдерді, баламен мұғалім арасында түрлі қарым-қатынастарды қалай жүзе асыру керек екенін тағы бір пысықтай түстік.

Мұғалімнің басты қызметі – жаңа қоғамға сай білімді, көкірегі ояу, әр уақытта еліне қызмет ететін азаматты тәрбиелеу. Осы еңбегімізді елеп, құрмет көрсетіп жатқан әкімдікке айтар алғысым зор дейді жүлдегерлердің бірі – Сандуғаш Зәкәриянова.

Сандуғаш Зәкәриянова, «Жыл мұғалімі» байқауының жүлдегері:

– Ахмет Байтұрсынов айтады: «Ең бірінші мектепке керегі – методиканы мықты меңгерген мұғалім» деп. Сондықтан жан-жақты әдістемені меңгерген, оқушы үшін бере алатыны мол мұғалім қашанда мектептің жүрегі болып табылады.

Жыл мұғалімі байқауында бірінші орын алған Дарын Сайыновқа автокөлік табыс етілсе, екінші және үшін орын иегерлері ақшалай сыйақы алды. Жалпы, Алматыда мұғалім мәртебесін асырып, жағдайын жасау бағытында көптеген жұмыс жасалған. Мәселен, өткен жылы 307 мұғалім «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша баспаналы болса, биыл 245 педагог жеңілдетілген несиені пайдаланды.

Жандос Айтбайұлы