Елімізде барынша ластанған 10 қала газға көшіріледі

Орталық Азияда климаттың өзгеру процесі Қазақстанға шұғыл шешім қабылдауды міндеттейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жағдай аймақтағы ең ірі бидай өндіруші мемлекетте су мен азық-түлік тапшылығына әкеп соғады. Жаһандық жылыну процесі жедел жүріп жатыр. Соның әсерінен 2030 жылға қарай елде егін шығымы 40 процентке төмендеуі мүмкін. Жағымсыз сценарийді бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясында айтты. Жиын халықаралық сарапшылардың, іскер топ және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтті.

Климаттың өзгеруі жаһанды алаңдатып отыр. Мұздықтар еріп жатыр. Бұдан құрғақшылық, өрт, сел белең алады. Соңғы 10 жылда адамзат қатты ыстықты өткерді. Шұғыл шешімдер қабылдамаса болмайды. Әсіресе азық-түлік пен су қауіпсіздігіне қатер төнді. Бұған дәлел алдағы жылдары бидайдың шығымы азаюы мүмкін.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан жылына 7 млн тоннаға дейін бидай экспорттап, астық пен ұн өндірушілердің ірі ондығына кіріп отыр. Алайда жағымсыз сценарий іске асқан жағдайда 2030 жылға қарай бидайдың шығымы 40 процентке дейін төмендеуі ықтимал. БҰҰ-ның былтырғы деректері бойынша 2030 жылға қарай Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында бидайдың шығымы орта есеппен қазіргі көлемінің 63-87 процентіне ғана жетуі мүмкін.

Қазақстан – Орталық Азиядағы бидай экспорттайтын жалғыз мемлекет. Сондықтан бұл жайт мұқым өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Тағы бір жаңалық. Қазақстанда 2050 жылға қарай көмір электр станцияларының бәрі қолданыстан шығарылады. Бұл жоспар 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптылығы доктринасында жазылған.

Барынша ластанған 10 қала газға көшіріледі

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Көміртекті айтқанда ауа сапасын айналып өтеміз бе?! Атмосферадағы улы заттардан арылу үшін экологиялық таза газ бен баламалы қуат көздеріне иек артамыз. Алдағы 4 жылда барынша ластанған 10 қала көгілдір отынға қосылып, баламалы энергияға ауыстырылады. Болжам бойынша Қазақстанда 2030 жылға қарай жалпы энергиядағы альтернативті қуаттың үлесі кем дегенде 15% құрауы тиіс. Ал бұған біздің елдің əлеуеті де мүмкіндігі де жетеді.

Баламалы қуаттың үлесі 80% жетеді

2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесі 80 процентке жетеді. Бұл іс мемлекеттің, бизнестің және жалпы қоғамның жұмылуын әрі белсенді жұмысты талап етеді деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мұны табысты іске асыру 2030 жылдың мақсаттарына, яғни шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 15% төмендетуге ғана емес, сондай-ақ 2060 жылға қарай парниктік газдардың теңгерімін нөлдік деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді. Осы шаралардың нәтижесінде атмосфераға тасталатын 9 миллиард тоннадан астам зиянды қалдықтың жолын кесуге болады. Доктрина жобасы бойынша елде бұл сценариді жүзеге асыру үшін шамамен 700 миллиард доллар қажет.

Жылу электр орталықтары газға көшіріледі

Осындай ауқымды энергетикалық өзгерістерге дайындалу үшін елде жаңа экологиялық кодекс қабылданған еді. Құжат әлемдік стандарттарға сай әзірленді. Кәсіпорындарды экологиялық төлемдерден босатылады. Соның есебінен өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік берілді. Осылай деген Мемлекет басшысы жылу электр орталықтары газға көшіріледі деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Газ көмірге қарағанда «жасыл» балама отын болып отыр. Елде ауқымды газдандыру жүргізілді. Бүгінде біздің 10 миллионға жуық азаматымыз сенімді және экологиялық таза отынға қол жеткізді. Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды сияқты ірі қалаларда біз жылу электр станцияларын көмірден газға көшіру бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатырмыз.

Су тапшылығы 40% жетуі мүмкін

БҰҰ мәліметі бойынша, жаһандық жылынуға байланысты 2030 жылға қарай әлемдегі су тапшылығы 40% жетуі мүмкін. Өзендер мен көлдер бұзылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгінде шектес елдерден келетін су көлемінің төмендеуі байқалады. Бұл өзендер мен көлдердің табиғи теңгерімінің бұзылуына, сондай-ақ бірқатар өңірдегі экологиялық жағдайдың нашарлауына алып келуде. БҰҰ-ның ұраны шеңберінде трансшекаралық су ағындарын қорғау және пайдалану мәселелерін реттейтін бірқатар халықаралық келісім қабылданды. Бұл мәселеде біз серіктестер мен халықаралық қоғамдастықтың қолдауына сенім артамыз.

Көмірқышқыл газының әсерін азайту үшін жаппай ағаш егіледі. Бізде орман қорының аумағы 30 миллион гектарды ғана құрайды. Бұл жеріміздің 11 проценті. Биыл елді көгалдандыру бойынша ауқымды бағдарлама басталды. 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш егіледі. Арал теңізінің табанына сексеуіл отырғызуды ұлғайту бағдарламасы және қабылданды. 2025 жылға қарай бұл сексеуіл ақабы 1,5 миллион гектарға жетеді деп жоспарлап отыр. Алда әлі де ауқымды жұмыстар тұр. Алайда климатқа қатысты талаптар дамуға кедергі келтірмегені жөн. Жиын соңында Президент осылай деді.

Үкімет климат мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуы тиіс деді Президент. БҰҰ-ның құрылымдарымен, Дүниежүзілік банкпен қарым-қатынасты нығайту түсу керек. Әйтпесе дара жүріп, даму мүмкін емес.

Қорған Қонысбайұлы, Ержан Қанапияұлы, Алмас Омарғалиев