Санкт-Петербургте III Еуразиялық әйелдер форумы ашылды

Оған 110 елден 500-ге жуық делегат қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Форум аясында 300-ден аса іс-шара жоспарланған. Әдеттегідей халықаралық ұйымдар мен бірлестіктердің қатысуымен сараптамалық сессиялар да өтеді. Солардың қатарында «Әйелдер жиырмалығының» отырысы, БҰҰ-ның өнеркәсіптік даму жөніндегі сессиясы секілді іс-шаралар бар. Еуразиялық әйелдер форумына қазақстандық делегация да қатысып жатыр. Бұл Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері мен парламентарийлер. Басқосуда саясат және бизнестен бөлек, экология, денсаулық сақтау, жаңа технологиялар мен инновация мәселесі, сондай-ақ қазіргі заман әйелдерінің әлеуметтік жағдайы талқыланады. 

Ляззат Рамазанова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы:

– Жалпы бүгінгі форумның басты мақсаты - әйелдер қауымының ерекше орнын белгілеумен бірге және жаңа қарқынды дамып келе жатқан экономикаларға өз үлесін ең тиімді түрде әйел азаматы тигізеді. Жалпы осы жерде көтеріліп жатқан сұрақтар мен тақырыптардың маңыздылығын айтсақ, әйел азаматтардың экономикалық-саяси дамуын нығайту, сонымен қатар экологияға әйел азаматтардың қосатын үлесі, жалпы экология қалай әсер етіп жатыр. Ауыл шаруашылығында жұмыс жасап жүрген әйел азаматтар тақырыптары алдымыздағы 3 күнде қызу талқылаудан өтеді.