Бабалар ізімен: башқұрт халқымен ежелден түп-тамырымыз бір

Башқұрт халқында 50-ден астам ру-тайпа бар. Олардың ішінде біздегідей Табын, Қыпшақ бар, одан бөлек Мин және Елан рулары кездеседі. Яғни ежелден бұл елмен тарихымыз да, тіліміз де, салт-дәстүріміз де бір болған. Сол ортақ құндылықтың бүгінде жұрнағы қалды ма екен? «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Башқұртсанға арнайы барып, осыны біліп қайтты.

Экспедиция мүшелері Башқұртстандағы сапарын Қыпшақ–Асқар ауылынан бастаған еді. Жергілікті жұрт бал-бауырсақ ұсынып, жылы қарсы алды. Дәстүр бойынша дәмнен ауыз тиіп, мәдениет үйіне кірдік. Мұнда қазақ пен башқұрт халқының арасындағы тарих, тіл, мәдениет пен өнер саласындағы ұқсастықтар сөз болып, жергілікті жұрттың атадан балаға жалғасқан шежіресі айтылды.

Гүлнәз Низамова, Қыпшақ-Асқар ауылындағы мектеп мұғалімі, өлкетанушы:

- Шежіре бойынша бұл ауыл қарағай қыпшақтан тарайды. Олар мұнда 1426 жылы келіп қоныстанған. Ал Өфө қаласының негізі 1574 жылы қаланды. Яғни ата-бабаларымыз ертеректе  Дим өзенін бойлай орналасып, башқұрт халқының қалыптасуына үлес қосты. Жер-су аттары да қыпшақ тілінде қойылған және бүгінде солай аталады. Сондай-ақ мұнда  Табын руы да өте көп. Олар Архангел, Ғафури аудандарында көбірек қоныстанған. 

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Ұнаған жерлері бұлар Шежіре жазыпты. 36 том деді маған. Күллі башқұрттардың шыққан тегі, ру-тайпалардың шежіресі. Соның ішінде әрине қыпшақтар да бар. Үш томдық болып шығыпты. Қазір башқұрт ұлтының 30 процентін құрайды деп естідім. Айта кететйін нәрсе, қазақ руларында кездесетін арғын рулары, ол да кездеседі, одан кейін тағы да жағалбайлы. Ол да қазақтың кіші жүзінде тұрған халықтар.

Тарихи деректерге қарағанда Дешті Қыпшақ даласынан шыққан бабаларымыздың алғашқы легі қазіргі Башқұртстан аумағына 8-ғасырларда қоныстана бастады. Кейін 12-ғасырдағы Моңғол шапқыншылығы кезінде үлкен көш жүріп, екінші толқыны жетеді. Олар жергілікті жұртты өзіне сіңіріп алған.

Гүлнәз Кумалиева, Башқұртстан Республикасы ұлттық музейдің ғылыми қызметкері:

- Башқұрт тілі Алтай түркі тілінің ішінде Қыпшақ тобына жатады. Осыдан-ақ бұл ру өкілдерінің қаншалықты көп әрі ықпалы күшті болғанын байқаймыз. 

Ахат Салихов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Башқұрт шешендері мен қазақ ақындары арасында айтыс болғаны жайында тарихи деректер бар. Олар жиын-тойда тығыз араласып жасаған. 1920 жылдары медреседе білім алған башқұрттар қазақ жерінде дәріс берген. Бұл кейін әдебиет еңбектерде көрініс береді. Мәселен, Шейхаза Бакбиш және өзге де жазушылар қос мемлекетте де танымал. 

Қазақ сынды әрбір башқұрт өзінің тегін, шыққан руын білуі міндет. Бірақ кейінгі кезде бұл дәстүр ұмыт бола бастаған. Оны жаңғырту үшін  мұнда башқұрт шежіресі  жасалыпты. Жинақ 36 томнан тұрады. Онда қай ру-тайпа қай ауылдарда орналасқаны, қашан және қалай келгені, қайдан тарайтыны анық жазылған. Кітапта қазақ құрамындағы рулар жайлы да тың ақпарат көп. Жергілікті тарихшылар қазақстандық мамандармен бірлесіп, жинақты біздің елде де таныстыруға және одан әрі жетілдіруге ниетті екенін жеткізді. 

Талғатбек Әбдіқожа, Қуаныш Қожабеков