Алматы облысы Қарғалы ауылының халқы сапасыз су тұтынуға мәжбүр

Алматы облысы Қарғалы ауылының тұрғындары жиі тоқтап қалатын және сапасы сын көтермейтін суға ақша төлеп отыр. Жамбыл ауданына қарасты елді мекенде тұратын азаматтар жаз бойы су тасып ішуге мәжбүр болған. Әкімдік өкілдері тіршілік нәріне зәру болып отырған ауылға су есептеуіш құралдарын қойып жатырмыз дейді. Ондағы ойы сапасыз судың шығынын бақылау.

- Порошок кетпейді, өйткені кір машинасы жуылмайды. Суда қуат жоқ болғаннан кейін машина істемейді, порошок сол бойымен тұр. 

Квира Көпжасарқызы Қарғалы ауылында 11 жылдан бері тұрады.

«Ауылға көшіп келгелі ауыз судың тауқыметі бір шешім таппады», -дейді.

Тіршілік нәрін жаз бойы тасып ішіп келеді. Ал жылдың өзге мезгілдерінде сыздықтаған суды шелектерге жинап алып пайдаланады екен. Оның өзінде сапасы нашар. Сондықтан құбырға қойылған сүзгіні ай сайын тазалап немесе жаңасын сатып алуға мәжбүр. 

Квира Көпжасарқызы, Қарғалы ауылының тұрғыны:

- Су лай. Біздерге айтты жаңа құбыр қойылды, ақша жинап беріңдер жаңа құбырдағы қысыммен сіздерге су келеді деді. Жарайды, Бауыржан деген жаңа тұрған балаға ақша жинап бердік. Барлық көршілеріміз ақша жинап бердік, сол құбырды құрғаннан кейін келді су, бірақ көпке ұзамады тағы тоқтап қалды су. 

Қарғалы әкімінің орынбасары Бауыржан Башеновтың айтуынша, ауылда жерасты суы жоқ болғандықтан өзен суын пайдаланады. Сапасының нашар болуы да сондықтан. Жаңбыр жауса болды су лайланып шыға келеді. Ал судың жетіспеуін халық санының өсуімен түсіндірді. Соңғы 10 жылда Қарғалы тұрғындарының саны 20 мыңнан 38 мың адамға дейін артыпты. Әкімдіктің жоспары бойынша бірінші кезекте ауылға толықтай су құбыры тартылады. Содан кейін тапшылық мәселесін қолға алмақшы.

Бауыржан Башенов, Қарғалы ауылдық округы әкімінің орынбасары:

- Су құбырымен толығымен ауылды қамтамасыз етіп алсақ, содан кейін барып бізге белгілі болады қай жерлерге скважина орнату керек. Қай райондарға скважина қояды, қай райондарға қазіргі суымыз жеткіліксіз, қай райондарға давление келе алмайды. Оларға бірінші анализ жасап барып, сол жерлерге біз скважиналарға сұраныс беруіміз керек. 

Ширек ғасырдан аса уақыт бойы су азабын көріп келе жатқан Қарғалы тұрғындарының сыздықтаған сапасыз суды әлі қанша жыл пайдаланары белгісіз. Себебі әкімдік өкілі мәселенің нақты қашан шешілетінін айта алмады. Тұрғындардың тағы бір уәжі бар. Олар сусыз отырған күндер ескерілмейді, ай сайын адам басына 650 теңгеден төлейміз дейді.

Абди Момышов, Қарғалы ауылының тұрғыны:

- Екінші қабаттан, бірінші қабаттан жоғары көтерілмейді. Сол себептен бұл үй бес қабатты болған соң үшінші, төртінші, бесінші қабат төменгі жертөледегі құбырдан тасуға мәжбүр. Су ақысын толығымен төлейміз, су жоқ болған күндерге бізге қайтадан есептеп бермейді. 

Жергілікті билік өкілі судың жазда тоқтап қалатынын бау-бақша суарып, басқа да мақсатта ысырапшылдық жасайтынымен түсіндірді. Енді тұрғындардың шығынын бақылау үшін есептеуіш құралдар қойып жатыр екен. Осы арқылы тапшылықты уақытша шешпекші. Ал мәселені түбегейлі жөнге келтіру үшін Қарғалыға су шығаратын ұңғымаларды ертерек орнатудан басқа амал жоқ.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...