Заң алдында хан да, қара да бірдей

АҚШ-тың бірнеше ЖОО-на қатысты 2019 жылы жанжал шығып, 50-ге жуық ата-ана өз балаларын пара беру арқылы оқуға түсіргені анықталған еді. Арам пиғылдылардың әрекетін әшкерелеу процесі бірнеше жылға созылып келді. Ал жақында ғана бұл іске қатысты тың ақпарат пайда болып, бірнеше айыпталушы кінәлі деп танылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жақында ғана Бостонның Федералды соты «versity blue» атауымен белгілі атышулы іске қатысты тағы да екі адамды кінәлі деп таныды. Олардың бірі миллионер Джон Уилсон. Ол өзінің үш баласын АҚШ-тың ең үздік ЖОО-на түсіру үшін жалпы құны 1 млн 220 мың доллар пара берген болуы мүмкін. 10 сағатқа созылған соттың қорытындысы бойынша штат прокуроры заң алдында барлық адамның бірдей екенін тағы бір рет еске салды.

Натаниел Менделл, прокурор:

– Бүгінгі сот отырысының қорытындысы бойынша бұл екі азамат алаяқтық пен пара беру баптары бойынша кінәлі деп танылды. Мейлі сіз әлемдегі ең мықты адвокатты жалдаңыз, мейлі ақшаңыз көп болсын, мейлі қолыңызда билік болсын бірақ заң алдында барлығымыз бірдейміз. Аталған азаматтар өрескел қателік жіберді және соның жазасын өтейтін болады.

Айыпталушылардың арасында бұрыңғы казино басшысы Джамал Абделазиз де бар. Ол өз қызын Калифорния университетіне оқуға түсіру үшін 300 мың доллар пара бергені дәлелденді. Қайырылымдылық жасау мен жалған спорттық жетістіктердің атын жамылып, заңды айналып өткісі келгендерді тергеу бірнеше жылға созылған. Алайда бұл істің нүктесін қоюға ата-аналар мен қабылдау комиссия қызметкері арасында болған телефон жазбасы көмектесті дейді мамандар.

Мұндай кейстер АҚШ-тың ең үздік ЖОО-да әлі күнге дейін анықталып жатыр. Кейбір бай-бағландар мен шенді-шекпенділердің өздері жақындары мен балаларын оқуға түсіру үшін түрлі құйтырқы әрекеттерге барады. Тесттердің қорытындысын өзгертіп, қабылдау комиссиясының мүшелерімен келісуге дейін. Ең өкініштісі осындай заңсыздықтардың салдарынан сол оқу орнына шын мәнінде лайықты абитуриенттің болашағына балта шабылады.

Сондай жандардың бірі отандасымыз – Елжас Өмірзақ. Оның айтуынша 2019 жылы пара беріп ұсталғандардың салдарынан Калифорния университетіне бөлінетін орындардың саны да біршама азайған.

Елжас Өмірзақ, Нью-Йорк университетінің студенті:

– Тура сол жылы бірнеше оқу орындарымен қатар Калифорниядағы университетке де өз құжаттарымды тапсырған едім. Алайда жаңағы жанжалдың кесірінен университет әкімшілігі абитуриенттерге берілетін орындарды қысқартуға мәжбүр болды. Демек жаңағы байлардың заңсыз іс-әрекеті белгілі бір деңгейде оқуға түсе алмауыма әсер етті. Егер іріктеу әділетті өткенде бәлкім менің де оқуға ілініп кетуім әбден мүмкін бе еді. Дегенмен қазіргі білім алып жатқан оқу орны одан еш кем түспейді.

Бақуатты отбасылар тарапынан жасалатын бармақ басты көз қысты әрекеттердің салдарынан студенттердің арасында іріктеу процесінің әділетті өтетініне күмәнмен қарайтындардың саны артуда дейді мамандар. Мәселен америкалық абитуриенттердің бестен бірі ғана ЖОО-дағы іріктеутеудің әділетті өтетініне сенсе, 67 проценті университет әкімшілігінің өзі қарапайым абитуриенттен гөрі бақуатты отбасының балаларына бүйірі бұрып тұратынын айтады.

Пушкар Шинде, Нью-Йорк университетінің студенті:

– Менің мамандығым инжинерлікпен байланысты және университетке түсуім оңайға соқпады. Қаншама еңбек пен ұйқысыз түндер өтті десеңізші. Ал енді біреу келіп, ақшасын төлеп сіздің орныыңызды алып кетсе не дейсіз?! Сол себепті пара беру немесе өзге де заңсыз жолдармен оқуға түсу дегенді мүлдем ұқпаймын. Оқу дегеніміз адамның болашағы. Және ол өзі үшін оқиды. Өз болашағына ондай қастандық жасауға болмайды. 

Қабылдау комиссиясының заң талаптарын өрескел бұзды деп айыпталғандардың қазіргі саны 50-ден асады. Олардың арасында шоу-бизнес өкілдері, ірі инвесторлар, фэшн дизайнерлер мен Голливуд жұлдыздары бар. Алдағы уақытта оларға қатысты тергеу жалғасып, кінәлі азаматтар заң алдында міндетті түрде жауап береді. Олардың біразы 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін дейді прокурорлар.

Авторы: Талғат Алманов