Аудан әкімдігі 1 дана дәптерді 1,5 миллион теңгеге сатып алмақ болған

Қызылорда облысы Жаңақорған кенті әкімінің аппараты 1 дана дәптерді бір жарым миллион теңгеге сатып алу лотын жариялаған.

Бұл жайт мемлекеттік веб порталды қарап отырған антикор мамандарының назарына іліккен. Сөйтіп қымбат дәптер әкімдіктегілердің қолына тимейтін болды.

Жыл басынан бері осы тектес 70 дерек анықталып, 3 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Қызылорда қалалық әкімдігінің жылу желілерін ауыстырамыз деген желеумен болмашы бөлшектерді 147 миллион теңгеге бағалап жібергені де анықталды. Арал ауданында жақын қашықтыққа сумен жабдықтау құбырын жүргізу және желі бойына ғимаратты салуға жарты миллиардтай теңге сұраған. Күдік туғызған жоба қайта есептеуге жіберілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары басшылар арасындағы көз қысты, бармақ басты әрекеттердің басым бөлігі қарапайым азаматтардың айтуымен әшкереленетінін жеткізді.             

Руслан Ягмусов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының орынбасары:

– Қылмыстардың көбісі азаматтардың өз еркімен келіп, болып жатқан сыбайлас жемқорлықты хабарлауынан әшкереленіп отыр. Бүгінгі таңда 15 млн астам теңгедей ақшалай сыйақы берілді осы хабарлаған азаматтарға. Оның ішінде 3 миллионнан 8 миллион аралығында аса ауыр қылмыстарды хабарлағаны үшін алынған параның 10%-і көлемінде сыйақы беріледі.