Қазақстанда көлік дөңгелегі қымбаттады

Қазақстанда автокөлік баллондарының бағасы шарықтады. Қысқы дөңгелек құны 25 процентке қымбаттаған. Базардағы баға да күйіп тұр. Сатушылар да, алушылар да бұны растап отыр. Қыс қарсаңында дөңгелек бағасының күрт көтеріліп кетуіне не себеп?

Көлік баллондарын сататын арнайы дүкендерде дөңгелек құны аспандап кеткен. Брендке айналған жапониялық, неміс және ресейлік тауар түрлері айтарлықтай қымбат. Қытайлық каучуктар бағасы да өскен. Қыстың қамын жасау үшін қалтаңызда кемінде 150 мың теңге болуы керек. Оның өзі арзанын алу үшін ғана.

Артур Мискарян, «Қазавтопром» одағы басқарма төрағасының орынбасары:

– Автомобиль шиналары нарығында бізге кері әсер етіп отырған жағдай – пандемия салдары. Шина өндірісінде резеңке және түрлі материалдар қолданылады. Материалдардың әлемдік өндірісі Таиланд, Индонезия, Малайзияда шоғырланған. Бұл – коронавирустан зардап шеккен елдер. Ұзақ уақыт бойы резеңке өндіретін кәсіпорындар жабық болды. Салдары біздің елде дөңгелек бағасының күрт өсуіне алып келді.

Жалпы пандемия кезінде автокөлікке сұраныс артқан. Тиісінше, автомобиль шиналарына да тапсырыс көп. Бағаның шарықтауын мамандар каучук өндірісінің 10-12 пайызға төмендеуімен де байланыстырады.

Петропавлдағы дөңгелек ауыстыру орындарының алды, бірлі-екілі көлік болмаса, тым-тырыс. Қарбалас қар жауғанда басталады. Баға қазірдің өзінде өскен. Жеңіл көліктің 4 шинасын 5-6 мың теңгеге салып береді.

Ербол Зікірин, қала тұрғыны:

– Несін айтайын, бәрі қымбаттап жатыр. Менің доңғалағымның бір баллоны биыл 35 мың теңге тұрады. Былтыр 25-тен болған. Ауыстыруы да аспандап кеткен. 9 мың бердім.

Қазақстанда автошиналардың бағасы өлшеміне қарай 20-25 процентке қымбаттаған. Елімізде дөңгелек өндірілмейді. Негізінен Ресей, Украина, Қытай елдерінен импорттаймыз.

Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында шина зауыты салынып жатыр. Өндіріс ошағында 3 млн жеңіл және 500 мың жүк көліктеріне арналған дөңгелек шығады деп жоспарланып отыр. Оның 40 проценті экспортталады. Қазір құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі жүріп жатыр. Кәсіпорын келесі жылдың қазан айында іске қосылуы тиіс. Инвестиция көлемі 125 млрд теңгені құрайды.

Вячеслав Ким, жоба жетекшісінің орынбасары:

– Қазіргі уақытта монолиттерді орнату жүріп жатыр. Жұмыс басты кешеннің барлық аумағын қамтиды. Осында 45 техника, 300-ге жуық адам істейді. Оның 50-і саран қаласының тұрғындары.

Қазір базарда шина бағасы 22 мың теңгеден басталады. Ал былтыр 16 мың теңгеге бір дөңгелек алуға болатын еді дейді сатушылар. Енді қара суыққа қамданған қарашаның қалтасы тағы қағылады.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Қарақойшиев