Мал шаруашылығын сақтандыру тізімі кеңейді

Мал шаруашылығын сақтандыру жүйесінің тізімі кеңейді. Енді шаруалар ірі қара ғана емес, ұсақ мал, жылқы тіпті тауықты да сақтандыра алады.

Ал оған кеткен шығынның тең жартысын мемлекет субсидиялайды. Жоба тамыз айында іске қосылған. 

Аграрлық секторды сақтандырудың артықшылығы көп. Әсіресе биылғыдай қуаңшылық немесе ауру кесірінен малыңыз қырылса шығынды сақтандыру компаниясы өтейді. Жұттың бетін әрі қылсын әрине. Десе де сақтықта қорлық жоқ. Оның үстіне сақтандыруға төлеген қаржының тең жартысын ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры субсидиялайды. Сақтандыратын малдың басы 30 –дан кем болмауы тиіс. Сомасы төрт түліктің құны мен санына қарай есептеледі.

Әсел Рамазанова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» сақтандыру департаментінің директоры:

– Жүйе бойынша сақтандырушы азамат соманың 50 процентін төлейді. Одан кейін сақтандыру компаниясы біздің қорға сол келісімшарт бойынша қалған соманы аударуға өтініш тастайды. Оны біз төлейміз. Төтенше жағдай орын алса шаруаның шығынын сақтандырушы компания өтейді.

Жаңашылқыты құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер жақсы қабылды. Айналдырған екі айда 6 кәсіпорын өз құстарын сақтандырды. Енді кенеттен кесел келіп, тілсіз жау тауығын қырса да олар тақырға отырмайды.

Ізет Шаяхметов, құс фермасының қаржы саласы бойынша маманы:

– Сақтандыруды субсидиялау кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болып тұр. Өйткені құс шаруашылығында тәуекел көп. Ауру келсе, бәрі қырылып қалуы мүмкін. Ал сақтандыру кәсіпкерге тағы бір мүмкіндік береді. Әрі серіктестермен, қарыз берушілермен сенімді жұмыс жасайды.

Қолдағы малды Qoldau.kz платоформасындағы Agroinsurance  қызметі арқылы онлайн сақтандыруға болады. Жүйеде елдің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензия берген сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істеді. Бұл олардың кез-келген жағдайда шығынды өтейтініне кепілдік береді. 

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа