426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматы облысында мектеп тапшы   

  • 87
  • UPD: 23:11, 14.10.2021
Алматы облысында мектеп тапшы   

Алматы облысының Іле ауданында мектеп жетіспейді. Қазіргі таңда ауданда 21 білім ордасы үш ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені елдімекенге көшіп келушілер саны жыл сайын артып келеді. 

Алматының іргесінде орналасқан Көкқайнар ауылындағы 44-ші мектеп 2017 жылы ашылған. 600 оқушыға арналған білім ошағында қазір 3200 бала оқиды екен. Мұнда қосымша сабақ, үйірме өткізу ұмытылған. Өйткені сыныптар бос емес. Өзімізде шаршаймыз дейді мұғалімдер.  

Амангүл Иманғалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Алғаш ашылған кезде бала саны аз болатын. Біз кәдімгідей оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге баулып, жақсы жұмыс істегенбіз. Қазір бұл мектепте 5 мектептің оқушысы оқиды. Бұл енді қазір ұстаздардың да білім беруіне, оқушылардың да білім алуына үлкен кедергі келтіріп отыр.

Нұрмұхамед Қыстаубаев, Іле аудандық №44 мектептің директоры:

– Әрине санэпид талаптарын сақтауға тырысамыз ғой. Барынша орындауға тырысамыз. Кварц бар, ылғалды тазалау жұмыстарының бәрі жүргізіліп тұрады. Әрине, енді өзіңіз шамалай беріңіз, 3200 бала қоңырау кестесін жасаудың өзі бізге оңайға соғып тұрған жоқ.

Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округінде 17 саяжай бар. Осы 44-мектепте оқитын 3200 оқушының 2 мыңнан астамы саяжайлардан қатынап оқиды екен. Балаларды мектепке жеткізу де оңай емес. «Ал әкімдік бөлген 4 автобус жетпейді», – дейді ата-аналар.

Кенжебай Құшпанов, ата-ана:

– Автобус мәселесі жетіспейді. Екі жаңа автобус келді. Соның өзі жетіспейді. Балаларымыз  сыймайды.

Көкқайнармен іргелес жатқан Түймебаев ауылындағы нөмірі 20-шы мектепте де дәл осындай жағдай. 900 орынға арналған ғимаратта қазір 3095 оқушы оқиды екен.

Мейрамгүл Құткелдиева, Іле аудандық №20 мектептің директоры:

– Көшіп-қону мәселесі жоғары болғандықтан қаланың маңы болғандықтан саяжайлар өте көп қазір. Халықтың тығыз қоныстануына байланысты ол мәселе тоқтаусыз көбейіп отырады.

Жалпы Іле ауданындағы 50 мектептің 21-і қазір үш ауысымда жұмыс істеп отыр. Сыныптардағы бала санының көптігі білім сапасына да әсер етпей қоймасы анық.

Қаламқас Сәрсенбаева, Іле аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

– Сол 21 мектептің үш аусымдығын жою мақсатында  бүгінгі күнде біздің ауданымызда 5 мектеп салынып жатыр. Біреуі – жаңағы Жәпек батыр ауылындағы 900 орындық мектеп. Одан бөлек, 1500 орыннан Междуречинскі аулында, Көкқайнар ауылында, сіздер айтып өткен 44-ші мектептің жанында 1500 орындық және Боралдай кентінде 1500 орындық мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар Жаңаталап ауылында 600 орындық мектеп салынып жатыр.  

«Жеке кәсіпкерлермен келісімшартқа отырып, оқушыларды тасымалдау мәселесін де шешеміз», – дейді аудандық білім бөлімінің мамандары.

Сапалы білім беріп, саналы ұрпақты тәрбиелеу үшін құрылыс қарқынын күшейтіп, көші-қон жағын реттемесе мектеп мәселесі осылай жалғаса беретін секілді.   

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы