426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Көкөніс бағасы шарықтап тұр

  • 65
  • UPD: 19:55, 14.10.2021
Көкөніс бағасы шарықтап тұр

Ақтөбеде көкөніс құны шарықтап тұр. Әдетте күз келе арзандайтын картоп пен қырыққабат, сәбіз бен пияздың бағасы биыл түспеді. Тіпті кейбір тауар кейінгі аптада 10-нан 15 процентке дейін қымбаттаған. 

Ақтөбе базарларын бірнеше күн аралап байқағанымыз – картоптың ең арзаны облыс орталығының іргесінде өсірілгені боп шықты. Оның өзі келісі 150 теңгеден саудалануда. Басқа облыстардан жеткендері 180-200 теңге төңірегінде.

Жазира Жетпісбаева, сатушы:

– Қазір сырттан келіп жатқан жоқ. Картоп та Ресейден, Шымкенттен келіп жатқан жоқ. Тек өзімізден шығып жатыр және Оралдан, Көкшетаудан келіп жатыр. Көкшетаудың картоптары 180 теңгеден, жергілікті жердің картоптары 150 теңгеде сатылып жатыр.

Әдетте тұрғындар қыстың қамы деп күз айларында көкөністі қапшықтап сатып алатын. Бірақ биыл бұл дәстүрден көпшілігі бас тартқан.

Тұтынушылардың қапшықты былай қойып, келісін ғана саудалауға көшкенін сатушылар да айтып отыр. Өткен жылдары сауда қызып жататын коммуналдық базарларда бүгінде халық некен-саяқ.

Гозал Айнабаева, сатушы:

– Өткен жылы мұндай күздің уақытында қысқа сақтауға картоп алатын еді. Қазір бірақ 210-нан адамдар ала алмай отыр. Қысқа сақтауға он қаптап бізге тапсырыспен алдыртатын. Қазір өздерінің жағдайына байланысты аз-аздан ғана алады. Себебі бағаны көріп тұрсыздар. Бір қапшығы он мыңға шығып кетеді.

Облыстық Статистика департаменті мамандарының ақпаратына сүйенсек, былтыр қырыққабаттың келісі 77 теңгеден саудаланса, биыл орташа баға 135 теңгеден. Пияз 76 теңгеден 95 теңгеге дейін қымбаттаған. Сәбіздің құны 2020 жылдың қыркүйек айының соңында 93 теңге болса, 2021 жылдың қыркүйегінің қорытындысы бойынша 151 теңгеге жетіпті. Әлеуметтік маңызды тізімге енген төртінші көкөніс – картоп та бір жыл ішінде 84 теңгеден 145 теңгеге дейін өсіп отыр.

Қазан айының он күні ішінде базар бағасының тағы да өскені белгілі. Жергілікті билік жеке кәсіп иелерінің баға саясатына араласа алмаймыз дейді. Бұл ретте тек нарық заңы ғана жұмыс істейді. Ал саудалау үстемақысын 10 проценттен асырмауы тиіс коммуналдық базардың өзі бүгінде өндірушілерге тәуелді екендігін жеткізді. Бағаны шарықтатқан шаруалар болса өндірістік шығындардың өткен жылмен салыстырғанда 40 процентке дейін өскендігін айтып ақталуда.

Миржан Альжанов, шаруа қожалық директоры:

– Шығынның бәрі өсіп жатыр. Өздеріңіз көріп отырсыздар, мына жанармайдың жағдайы өсіп жатыр, электр энергиясы өсіп кетті, қосымша көлік құралдарының бағасы да өсіп кетті. Жаңа техниканы сол себептен ала алмаймыз.

Өнім жинау науқаны тәмәмдалған Ақтөбеде тұрақтандыру қорын жасақтау жалғасуда. Жоспарға сәйкес қамбаға 2 мың тоннадан астам көкөніс салынуы тиіс болатын. Ол үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд 229 млн теңге бөлінген. Алайда нарықтағы ахуалға сәйкес бұл мақсатта қосымша қаражат жарату көзделуде.

Снежанна Кулекенова, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі таңда қосымша фьючерстік келісім-шарттар жасалуда. Қосымша тағы да картоп 1824 тонна, сәбір 439 тонна, пияз 548 тонна, қырыққабат 506 тонна қосымша салынады.

Әкімдіктегілер шарықтап кеткен көкөніс бағасын тоқтатудың бірден-бір жолы – тұрақтандыру қоры дейді. Мәселен картоптың келісі коммуналдық базарларда 84 теңге төңірегінде болуы тиіс. Алайда әзірге әлеуметтік азық-түлік сауда нүктелеріне бұл баға жете қоймаған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы