Қарағандыдағы қайғылы оқиға: экстремалды аттракциондарға кім жауапты?

Елде экстремалды аттракционға қызығатындар көп. Кейінгі жылдары роуп-джампинг, парашютпен секіру сынды спорт түрі пайда болды. Алайда қызық іздеген жұрт қауіпке басын тіккенін біле бермейді. Себебі экстремалды аттракциондардың сапасын ешкім қадағалап жатқан жоқ. Тақауда Қарағандыда болған қайғылы оқиға ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне назар аудартты. Сол жағдайдан кейін күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді ол 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Бір сәттік адреналин үшін басын қатерге тігіп, өмірімен қош айтысты. Жақында Қарағандыда 1 тарзанка 1 типті аттракционда 33 жастағы әйел 8 қабатты қонақ үйдің төбесінен секіріп көз жұмды. Туыстарының айтуынша, қауіпсіздік арқаны дұрыс бекітілмеген. Ал аттракциондарды жергілікті атқарушы органдар бақылауы тиіс.

Осы  сауалмен әкімдікке хабарластық. Олар біздің құзырымызға кірмейді деп құтылды. Тіпті қай мемлекеттік орган аттракциондарды бақылайтынын нақты айта алмады. Сондықтан 12 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан компанияға роуп-джампингке жазылу туралы хат жолдадық. Былай деп жауап қайтарды.

«45-90 метрлік биіктіктен секіру құны 5 мың теңгеден 16 мыңға дейін барады. Мұндай компаниялар секірер алдында қызмет алушыдан қолхат алады. Егер оқыс оқиға болған жағдайда бар жауапкершілік тапсырыс берген адамның мойнында. Заңгердің айтуынша, қолхат міндетті. Ол аттракционды сақтандыруға арналған. Егер ұйымдастарушылардың кінәсі дәлелденсе, онда ол күшін жояды».

Илья Лунев, заңгер:

– Егер тергеушілер бұл аттракционның қауіпсіз екенін дәлелдесе немесе нұсқаушы арқанды дұрыс байламағаны белгілі болса онда қолхат күшін жою қажет. Абайсызда адам өліміне әкеліп соқты деген айыппен сотталуы мүмкін.

Экстремалды спорт түріне арнайы дайындық қажет—дейді мамандар. Мәселен, Оралдағы жас парашютшілер жаттығуы осылай өтеді. Ұзақ уақыт бойы арнайы дайындалған балалар көктен төменге құлдилаудан қорықпайды. Нұсқаушылар балалардың қауіпсіздігін қатаң қадағалайды. Әр парашюттің дұрыс төселіп, сөмкеге ретпен салынуы, құрал-жабдықтың түгел болуы бақылауға алынған.

Айдын Сағидоқасов, спорт мектебінің жаттықтырушысы:

– Бұл экстрим болған соң,  әртүрлі жағдайлар болады. Сондықтан біз спортшыларды сондай жағдайларда не істеу керек екенін және запастағы парашюттарды ашуды үйретеміз. Біз тек қана психологиялық жағынан емес, физикалық жағынан да дайындаймыз. Олардың автоматты дайын болуы үшін бір затты қайта-қайта үйретеміз, қайталай береміз.

Алматы облысында да параплан спорты бар. Қазір елуге жуық спортшы Ескелді ауданындағы Жетісу Алатауының бөктерінде жаттығады. Арнайы жасақталған ұшып қону алаңдары бар. Экстремалды спортпен шұғылданатындар тыңғылықты дайындықтан өтеді, – дейді федерация төрағасы. 

Игорь Виршки, ҚР Параплан спорты федерациясының төрағасы:

– Біз жаңадан келген спортшыларды бірден ұшырмаймыз. Әуелі олар теориялық тұрғыда білім алады. Содан кейін ғана елу метр биіктіктен ұшады. Тәжірибесінің толысқанына қарай жүз, екі жүз метр биіктікті бағындыруына мүмкіндік береміз. Шеберлігі артқанда түрлі жарыстарда бағын сынайды. Қазір біздің спортшылар Солтүстік Македониядағы әлем чемпионатына қатысып жатыр.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Артур Платонов барлық деңгейдегі аттракциондарға жүйелі қадағалау керек деді. Осыған байланысты қайғылы оқиғалардың алдын алу және қайталануына жол бермеу үшін балалар мен ересектердің қауіпсіздігіне, жабдықтың сапасына дербес жауапкершілік тағайындап, жүйелі бақылау жүргізу қажет екені айтылды.

Авторы: Наргиз Бекмағанбетова