426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысының тұрғындары суға зәру

  • 64
  • UPD: 22:08, 14.10.2021

Қостанай облысының тұрғындары су азабын тартып отыр. Ілияс Омаров ауылында орталық құбырдағы тіршілік нәрі бәріне жетпейді. Тәулігіне жарты сағат ағатын су елді мекеннің шеткі көшелеріне бармай қалады. Жұрттың суды таратқыштан тасып ішетін мүмкіндігі жоқ.

Ілияс Омаров ауылы халқының 95 проценті орталық су желісіне қосылған. Бұған дейін тіршілік нәрін колонкадан алатын. Қазір олар істемейді. Жалпы бұл жерде су мәселесі көптен бері шешілмей келеді.

Айтжан Әлмағамбетов, Ілияс Омаров ауылының тұрғыны:

Колонкада кішкене су болып, содан мал суғарып келкенбіз. Ал қазір мүлдем құрғақ. Көлде су жоқ Мынадай ғана су. Су құбырын өткіздім ғой. Бәрібір есептегішпен төлеймін ғой деп бірден есептегіш орнаттым. Су келмегесін есептегіш, міне, жай тұр. Сорғыш та бар. Оны да пайдаланым. Мүлдем келмейді. Ауа ғана пыш-пыш деп.

Зейнеткер Гүлзия Шәріпова да осы жазда үйіне құбыр өткізген. Барлық жұмысқа 160 мың теңге жұмсады. Енді басқа бөлмелерге тартамын деген ойынан айнып қалыпты.

Гүлзия Шәріпова, Ілияс Омаров ауылының тұрғыны:

– Мына жүйе дұрыс емес. Немесе ана жақтан суды бізге дұрыс бермейді. Жиырма минут су береді. Жиырма минутта ана жақта екі километр жатқан сорғыштан маған қайдан су келеді. Шеткі көшеде тұрамыз.

Осылайша шектеулі уақытқа берілетін суды тек таратқышқа жақын көшелер алып үлгереді. Ал тіршілік нәрін тоқтаусыз ағыту тиімсіз, деп есептейді қызмет көрсетуші мекеме. Себебі ауылдың су құбыры азып-тоған.

Сергей Белошицкий, Сарыкөл ауданы сумен қамту мекемесінің директоры:

– Тесік құбырдан су жерге кетіп жатыр. Бір-екі күнде оны қысымдап, жарылған жерлерді анықтап алайық деп айтқанмын. Сонда 10-15 күн ішінде тесіктерді бітеп, суды бәріне жеткізер едік.

Бір қызығы елді мекеннің сумен қамту жүйесі екі бірдей ауданға тәуелді. Су беруші – Сарыкөл ауданы, ал ауылдағы алты шақырым құбырдың жай-күйіне жауапты – Алтынсарин ауданы. Отыз жылда құбырлардың 17 процентінің тозығы жетіпті.

Ержан Сәмидосов, Алтынсарин ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Бүгінгі жөндеу жұмыстарын есептеп, қанша жұмсалатынын қарастырып жатырмыз. Халық ккөшіп кетіп жатқаннан кейін үйлердің арасында ашық жерлер көп. Көп үйлер бұзылып қалған. Сол жердегі құбырлар да ескірген. Соны тауып, жөндеудің өзі уақыт алады.

Облыстық бюджет қаражат бөлсе, жөндеу жұмыстары кем дегенде бір жылдан кейін басталады. Ал сумен қамтушы мекеме жерге кетіп жатқан тіршілік нәрін беруді таяу күндері тоқтатамыз дейді. Сол себепті мол қаражат жұмсағаннан су тарату пунктін орнатқанды әлдеқайда дұрыс деп есептейді аудандық әкімдік.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы