Әйелдерге арналған вагондарды іске қосу жобасы сәтті басталды

Елімізде алғаш рет әйелдерге арналған жеке вагоны бар пойыздар жолға шықты.

Әзірге тек екі бағытта жүреді. Алматыдан Өскемен мен Маңғыстау бағытына қатынайтын отарбада қыз-келіншектер купесі бар. Ұлттық тасымалдаушы компания, алғашқы рейсте әйелдер вагоны 90%-ке толғанын айтады. Сұраныс артса, желтоқсан айының ортасында басқа теміржол бағыттары да іске қосылады.

«Алматы – Маңғыстау» және «Алматы - Өскемен» жолаушылар пойызында енді әйелдерге арналған вагон бар. 10 қазанда жолға шыққан рейске 92 әйел билет алған. Бұл шара бірінші кезекте қауіпсіздік үшін қолға алынған. Егер әйелдерге арналған вагонға сұраныс артса, қосымша вагондар қарастырылмақ.

Мәдина Бақтынова, жолаушы:

– Билетті інім алып берді. Жалғыз бара жатқан әйелдерге ыңғайлы. Студент қыздар болады, бәріне ыңғайлы бұл. Отбасылы адамдарға бөлек енді, біз сияқты жалғыз баратындарға өте ыңғайлы.

Бағасы да әдеттегіден өзгермейді. Ұлттық тасымалдаушы компания пилоттық жобаның сәтті басталғанын айтады. Әйелдер вагондарын қоспас бұрын жолаушылар арасында әлеуметтік сауалнама да жүргізілді. Бұл идеяны көпшілік қолдапты.  

Ерлан Жимайлов, Ұлттық көлік компаниясы департаментінің директоры:

– Біз әзірге пилоттық режимде екі купе вагонын іске қостық. Алматы-Маңғыстау бағытындағы 77-78 пойызы және Өскемен бағытындағы 351-352 пойызы жүреді.  Жол жүру құжаттарын тіркеу кезінде жолаушылар, әсіресе  ер адамдарға мұқият болу керек. 

Билеттерді сатып аларда таңдалған вагонның түріне назар аудару қажет. Яғни «Әйел» деген жазу болады. Мұндай вагондарға тек жеті жасқа дейінгі ұл балалар анасымен бірге кіре алады. 

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Жандос Битабаров.