Әскери қоймадағы жарылғыш заттарды жою жұмыстары бір ай бойы жалғасады

Жамбыл облысында жарылыс болған әскери бөлімдегі оқ-дәрілерді жою жұмыстары басталды. Енді Байзақ ауданында бір ай бойы дүмпу болады. Қазір қоймадағы қауіпті қалдықтарды шалғайға апарып жарып жатыр.

Әскери қоймадан шығарылған жарылғыш заттардың қалдықтары қазір қолдан жарылады. Ол үшін таудың ішінде қоймадан 12 шақырымдай жерде арнайы жер белгіленген. Бүгін түске дейін екі рет осындай жарылыс ұйымдастырылды. Қазір тағы да үшіншісі өткізілгелі тұр. Бізді бұдан әрі қарай әскери полиция мен әскерилер жібермейді. Арғы жағы қауіпті.

Дәл осындай жарылыс бүгіндікке 6 рет болды. Қоймадан бір күнде 400 келідей оқ-дәрі шығарылып жойылған. Әскерилер қауіпсіздік шараларың қатаң бақылауда деп сендіріп отыр. Тұрғындарға жарылыс болатындығы жөнінде ескерттік дейді. Алайда әскери бөлімге тиіп тұрған Қайнар ауылының тұрғындары дүмпуден әбден мезі болған. 

Гүлзира Жамбылова, Қайнар ауылының тұрғыны:

– Ататынын атып, жаратындарын жарып тезірек бітсе екен. Қорқып-қорқып өлетін болдық,  шыны керек. Мезі қылды, әбден шаршап кеттік. Осы соңғысы болса екен, бұдан кейін бұлайболмасын.

Ғазиз Жартыбаев, Қайнар ауылының тұрғыны:

– Айтпайжарылғаннан, күтіп отырған жарылыс дұрыс екен. Сендер көрген жоқсыңдар ғой..  Аймақтағы жарылыстың барлығын алып кетіп, елде тыныш өмір болса екен.

Әскерилер тәулігіне 500 келіден артық жарылғыш заттарды жармаймыз деп отыр. Одан асса, төңіректегі елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін.

Еркін Әбсадықов, әскери бөлімінің командирі:

– Күніне 3-4 жарылыстан жүргізіледі. Ол жерігілікті әкімдікпен келісілген. 400 келіні бүгін бірден жарған жоқпыз. Оны бөліп-бөліп жарамыз. Мен күндік норманы айтып отырмын. Бүгінге бір жарылыс қалды. Сонымен болды. Ертең жалғастырамыз.

Қайрат Исмайыл, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары:

–Төңіректе жақын орналасқан шаруа қожалықтарға және елді мекендерге, бәріне хабарланды. Жалпы болған жарылыстар ешқандай фермерлік шаруаларға, олардың ғимараттарына, ауылдарға ешқандай қауіп төндіріп тұрған жоқ.

Жару жұмыстарына инженерлік-саперлік мамандардан 20 шақты адам жұмылдырылған. Қазір тек жарылған қоймадағы қалдықты заттар ғана жойылып жатыр. Өзгелеріне тимейміз дейді әскери бөлім командирі. Қоймада қанша жарылғыш зат қалғаны белгісіз. Әскерилер енді мұнда мүлдем жарылыс болмайды деп те сенімді айта алмай отыр. Ал жоспарлы жару жұмыстары дүйсенбі мен жұма күндері аралығында жүргізіледі. Бұл жұмыстар 13-қарашаға дейін жалғаспақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә