Алматыда халықаралық «Көлік және Логистика» көрмесі өтіп жатыр

Алматыда «Көлік және Логистика» нарығына арналған көрме өтіп жатыр. Оған отандық көлік саласының мамандарынан бөлек, шетелдік 70-тен астам компания өкілдері қатысуда. Халықаралық көрме – Орталық Азия өңірінде бизнес бастап, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік бермек.

Көрме аясында  «Көлік және логистика нарығы» үшінші халықаралық конференциясы өтті. Екі күн ішінде қатысушылар отандық көлік саласының жай-күйі мен даму мүмкіндіктерін талқылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше бұл көрме елдің транзиттік-көлік әлеуетін жақсартады.

Берік Камалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:

– Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласына 35 млрд АҚШ долларына жуық қаражат тартылды. Жаңадан екі жарым мың шақырым темір жол, 13 мың шақырымнан астам автомобиль жолдары қайта жаңартылды. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 100 мың шақырым болады. Темір жолдың ұзындығы – 21 мың шақырым.

Мамандар көрме арқылы контейнерлеу бағдарламасы мен көлік саласының технологияларымен танысады. Мысалы, Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропа бағытындағы контейнерлік жүк тасымалы 5 есеге ұлғайған. «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы өкілдерінің айтуынша биыл жыл соңына дейін контейнерлік тасымалды 1 миллионға жеткізу жоспарланып отыр. Көрмеде темір жол саласындағы цифрландыру мәселесі де айтылды.

Нұрлан Сауранбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

– Қазір бірқатар елде табиғи газбен және сутегімен жүретін магистральдік локомотивтерді құрастыру ісі қолға алынып жатыр. АҚШ-та әлемде алғаш рет аккумулятормен жүретін жүк локомотиві жасалынды. Соларды алуды көздейміз. Егер қазіргі локомотив 150 мың доллардың отынын жағатын болса, ал аккумуляторлық батареялар 20-30 мың доллардың электр қуатын тұтынады. 120 мың доллар үнемделеді. Локомотив паркін жаңарту экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Жалпы «Көлік және Логистика» көрмесі мамандарға сенімді серіктес тауып, ұтымды шарттар жасасуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов