Маңғыстауда темір жолды құм басып жатыр

Соның кесірінен пойыздардың жылдамдығы азайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бейнеу мен Шалқардың арасындағы болат жолды жұмысшылар күн-түн демей қолмен тазартуға мәжбүр. Себебі биылғы құрғақшылықтан шөп өспеген өңірде күн ара дауыл тұрып, аршылған жолды құм тез басып қалып жатыр. Темір жолдың жалпы ұзындығы 575 шақырым, тәулігіне 30-дан астам пойыз өтеді. Әуелде теміржолды тазарту үшін қар жинайтын көлік қолданылған, бірақ машинаның бөліктеріне құм толып, істен шыққан. Темір жолды құмнан тазартуға қазір барлық жұмысшы жұмылдырылғанмен, құмды күрекпен тазарту инемен құдық қазғандай дейді жол дистанциясының басшылары. Сондықтан олар қосымша жұмыс күшін жіберуді сұрайды.

Берікбай Айтыманов, Бейнеу жол дистанциясының басшысы:

– Маңғыстау облысында биыл шөп өспеді, топырақтың көтерілуі содан деп ойлаймыз. Былтыр басталды. Шақырымдар да ұзап бара жатыр. Былтыр 15 км басатын болса, биылдары 30-40 км барды. Басшылық тарапымыздан қосымша 35 адам берген, бірақ ол адамдардың уақыты жақында бітеді. 50-60 адам болса тіпті жақсы болар еді.