Қостанай облысындағы ауылдық кітапханалардың жағдайы мүшкіл

Қостанай облысындағы ауылдық кітапханалардың жағдайы көңілге медеу тұтуға келмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басым бөлігі жарықсыз отыр. Бұған қоса әлі күнге дейін от жағады. Ғимараттарды жылытуға одан басқа мүмкіндік жоқ.

Остров ауылындағы кітапхана мектеп ғимаратында орналасқан. Кіретін бөлек есігі де бар және орталықтандырылған жылумен қамтылған. Руханият ошағы күндізгі уақытта ғана істейді. Себебі мұнда екі аптадан бері электр жарығы жоқ.

Валентина Кучеренко, Остров ауылының кітапханашысы:

– Қатты дауылдың кесірінен жарықтан біржолата ажырап қалдық. Электр сымдары салбырап тұр. Қазір сағат 10-нан бастап жұмыс істейміз. Бізге күндізгі жарықтың өзі жетіп жатыр.

Ал Соналы ауылының кітапханашысы картотекадан керек әдебиетті майшаммен іздегендей болады. Бұл ретте ұялы телефонның шамына жүгінуге мәжбүр. Оқырмандар тоңып қалмас үшін пешті таң атпастан жағып қыздырып қояды.

Рита Шаяхметова, Соналы ауылының кітапханашысы:

– 2036 кітап қоры бар. Қазақшасы – 1810 кітап. Қалғаны орыс тілінде. Мен жарты жұмыс күнінде істеймін. Сағат 10-нан 14:30-ға дейін істеймін. Пешті өзім жағамын. Ағашты, көмірді кітапхана әкеліп береді, КАМАЗ-бен түсіреді. 

Соналыдағы кітапхана алты жыл бұрын мектеп ғимаратынан жер үйге көшті. Құлайын деп тұрған үйді әкімдік апатты деп тануға асықпайды. Жөндеу жүргізуге де талпынбайды. Себебі ғимарат біреуден жалға алыныпты. 

Данияр Шәріпбаев, Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары:

– Кітапхананы мектеп ғимаратына қайта көшіру жоспары бар. Кіретін бөлек есігі де болады. Санитарлық талап сондай. Қысты осы ғимаратта өткеретініміз анық. Оған көмір, отынымыз жеткілікті.

Кітапхананың хал-күйіне ауыл тұрғындарының еті әбден үйренген исяқты. Бір күні ортасы түсіп қирап, үйінді астында қаламыз ба деген ойдан бәрі аулақ. Әйтеуір бар болғанына тәуба деп отыр.

Айсана Әбдіназарова, Соналы ауылының тұрғыны:

– Керекті әдебиеттер бар балалар үшін. Жас мұғалім ретінде келіп тұрамыз. Маған керек ақпараттар бар. Көмекші құралдар ретінде пайдаланамыз. Сол себепті бұл кітапхана бізге маңызды.

Сарыкөл ауданындағы 22 кітапхананың жетеуі пешпен жылытылады. Бұл мәселе бір жыл ішінде шешімін табады деген уәде берді жергілікті билік. Ал электр жарығын ретке келтіруге екі аптадай уақыт қажет.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров